Жаңалықтар

Қытай ғарышкерлері қайта алмады: «Шэньчжоу» ғарышта қоқыспен соғысты

Қытайдың Shenzhou-19 ғарыш кемесі / фото: shutterstock
Қытайдың Shenzhou-19 ғарыш кемесінің «Тяньгун-3» ғарыш станциясымен түйісу сәті / фото: shutterstock

«Шэньчжоу-20» кемесі ғарыштағы қоқыспен соғысып қалуына байланысты Жерге орала алмай жатыр. Қытай ғарышкерлері 5 қараша, сәрсенбі күні елге оралуы тиіс еді. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Қытай ғарыш агенттігі (CMSA) кеменің қоқыспен соғысып қалғанын сәрсенбі күні жариялаған. Ғарышкерлер Жерге қашан оралатыны әзірге белгісіз.

Түрлі зымырандар мен аппараттардың қалдықтары ғарышқа сапарды қиындатып жіберді. Олар Жерден жүздеген шақырым қашықтықта бейберекет ұшып жүр.

«Шэньчжоу» бағдарламасымен ұшқан ғарышкерлер «Тяньгун» станциясында алты ай болып, елге оралуы керек еді. Олар енді қоқыспен соғысып қалған ғарыш станциясын жөндеп жүр.

2025 жылғы сәуірде «Шэньчжоу-19» экипажы қолайсыз ауа райына байланысты станцияда кідіруге мәжбүр болған еді. Дегенмен миссия алғаш рет ғарыштағы қоқыс кесірінен зардап шегіп отыр.

Былтыр ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Араб елдеріне «ғарыштағы қоқысты бақылау орталығын» құруды ұсынған. Ал 2021 жылы Қытай «Тяньгун» станциясы миллиардер Илон Масктің Starlink спутниктерімен соғысып қала жаздағанын мәлімдеген.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 8 қазанда қазақ қызы Дана Қарағұсова ғарышқа ұшқан.

Kursiv.Media бір ай бұрын Қазақстанда алғаш рет ғарышкер қыздар экипажы құрылғаны туралы жазған.