
Ресей Қорғаныс министрі Андрей Белоусов Ресей Федерациясының қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерімен жедел жиналыста ядролық қаруды сынақтан өткізуге дереу дайындалуды ұсынды.
Кремль таратқан ақпаратқа сүйенсек, ұсыныс АҚШ президенті Дональд Трамптың Америка Құрама Штаттарының Ядролық қаруды сынауды қайта бастағаны туралы мәлімдемесінен кейін болып отыр.
«Біз ядролық әлеуетімізді қарсыластың кез келген жағдайда зиян келтіруіне дайын болуымыз керек. Вашингтонның әрекетіне еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды қадам жасауымыз керек.Толық ауқымды ядролық сынақтарға дайындықты дереу бастау орынды деп санаймын. «Новая земля» архипелагындағы орталық полигонның дайындығы оны қысқа мерзімде өткізуге мүмкіндік береді», – деді Белоусов.
Алайда елдің Федералды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников Путиннен тексеру жүргізуге уақыт беруін сұрады.
«Жағдай өте қиын, күрделі. Бұған өте байыпты қарау керек екендігімен келісемін, бірақ нақты шешім қабылдау үшін көптеген сұрақтар туындайды. Осыған байланысты, сізден мұның бәрін мұқият түсініп, тиісті ұсыныстар дайындау үшін бізге уақыт беруіңізді сұраймын», – деді Бортников.
Владимир Путин Ресейдің ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт бойынша міндеттемені ұстанатынын, бірақ шарттың басқа қатысушылары ядролық сынақтар жүргізген жағдайда тиісті жауап әрекеттерін қабылдауы керек екенін атап өтті.
«Осыған байланысты мен Сыртқы істер министрлігіне, Қорғаныс министрлігіне, арнайы қызметтерге және тиісті азаматтық ведомстволарға осы мәселе бойынша қосымша ақпарат жинау, Қауіпсіздік Кеңесінің алаңында ядролық қаруды сынауды дайындау бойынша жұмыстардың басталуы туралы келісілген ұсыныстар енгізуді тапсырамын», – деді Путин.
Айта кетейік. бұған дейін АҚШ президент Дональд Трамп елдің ядролық сынақ жүргізетінін мәлімдеген.