
Қаржы министрлігі салық төлеуден жалтарып, тұрғын үйді жалға беретіндерді анықтауға білек сыбана кірісті. Вице-министр Ержан Біржанов жалдау ақысынан түскен табысын жасырып жүргендерді қалай анықтайтынын айтып берді.
Тексеру қалай жүргізіледі?
Біржановтың айтуынша, «жасырын» жалға берушілерді анықтау жұмысы бұрыннан жүргізіліп келеді. Дегенмен қазір деректерді біріктірудің арқасында бұл жұмыс тиімді бола түскен. Министрлік 74 мемлекеттік органның базасына қосылып, Мемлекеттік кірістер комитетінде BigData жүйесін іске қосты.
«Бұл кімнің жылжымайтын мүлікке иелік ететінін, бірақ өзі онда тұрмайтынын дәлірек көрсетуге мүмкіндік берді. Шартты түрде айтқанда, банктік аударымдар арқылы да анықтаймыз. Мұның бәрі сапалы талдау жүргізу үшін қажет. Құқық қорғау органдарымен, учаскелік инспекторлармен де жұмыс істеп жатырмыз. Ресеймен де пысықтап жатырмыз. Егер біреу салық төлеуі тиіс болса, ол төлеуі керек», – деді вице-министр.
Пәтерін жалға беретіндерге арналған жеңілдіктер
Ержан Біржановтың айтуынша, жалға берушілерге ыңғайлы әрі жеңілдетілген шарттар жасалған. Олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ пәтерді жалға беріп, кейін жылдық декларация тапсыра алады.
Оңтайландырылған декларация бойынша салық мөлшері – 3%, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін – 4%. Егер жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе, онда табыстан 10% салық төлеуге тиіс.
Вице-министр атап өткендей, басты мақсат азаматтарды жазалау емес, түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізу. Сондықтан алдымен жалдау табысын жасырған азаматтарға ескерту хаттары мен талаптар жіберіледі.
«Олар бір айдың ішінде біздің тіркелу және салық төлеу бойынша талаптарымызды орындауы керек. Егер орындамаса, онда айыппұл салынады. Айыппұл көлемі – 10-15 айлық есептік көрсеткішке дейін», – деді вице-министр.
Еске салайық жаңа жылдан бастап тұрғын үй-жайды (пәтерді) сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-тан босату жойылады. Құрылысы 2026 жылы басталатын нысандарды сату немесе жалға беру үшін ҚҚС төлеу қажет болады. Ал құрылысы жыл аяғына дейін басталған нысандар саудаға түскенге дейін олардың айналымы салықтың осы түрінен босатылады.