Қазақстандықтар азық-түлікті кредитке сатып алып жүр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қазақстандықтардың азық-түлік үшін алған қарызы жалпы көлемнің 10%-ына жеткен / фото: KursivMedia мұрағаты
Қазақстандықтардың азық-түлік үшін алған қарызы жалпы көлемнің 10%-ына жеткен / фото: KursivMedia мұрағаты

Қазақстандықтар азық-түлікті кредитке сатып алып жүр. Мұндай қарыз үлесінің жалпы көлемі шамамен 10%-ға жуықтайды.

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

Ол қазақстандықтар тұтынушылық несиелерді тағы қандай мақсаттарға алатынын айтты.

«Жылдар бойынша, орта есеппен алғанда, тұтыну тауарларына арналған несиелер бар. Бірақ олардың үлесі онша үлкен емес, 10%-дан төмен», – деді ол Мәжілістегі брифингте.

Сонымен қатар, тұтынушылық несиелердің елеулі бөлігі ұзақ мерзімді пайдаланылатын тауарлар мен тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған.

Әбілқасымованың айтуынша, азаматтар шамамен 20% несиені ұзақ мерзімді тұтыну тауарларына, мысалы, тұрмыстық техника мен жиһазға жұмсайды.

Тағы шамамен 10% жөндеу жұмыстарына, тұрғын үй сатып алуға немесе жаңартуға кетеді. Бұдан бөлек, қазақстандықтар оқу мен денсаулық сақтау мақсаттарына да несие рәсімдейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Әбілқасымова ипотека бойынша 25% мөлшерлемені «өте жоғары» деп атаған болатын. Бұған қарамастан, тұтынушылық несиелерге сұраныс бұрынғы қарқынмен өсіп келеді.

Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков  Мәдина Әбілқасымоваға ипотекалық несиелердің шекті мөлшерлемесін қайта қарау туралы сауал тастаған еді.  

Сондай-ақ оқыңыз