
Шымкенттегі Күншығыс ықшам ауданындағы №7 және №14 көпқабатты тұрғын үйдің маңында жауыннан асфальт опырылып, бірнеше көлік түсіп кеткен. Жағдайды айтып тұрғындар әлеуметтік желіге видео таратты.
«Міне, бізде асфальтты осылай салады. Шұңқыр қазып, үстіне сәл топырақ тастай салады. Ал көлік соған түсіп кетеді. Енді бұған кім жауап береді?», – дейді видео авторы.
Әл Фараби ауданы әкімдігі жол жөнделгенін хабарлады. «Су ресурстары – Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 шақырым жерге ауызсу құбырын тартуға мердігер компанияға тапсырыс берген.
«Жерді қазу жұмыстары аяқталған соң, мердігер компания қазылған аумақты құммен толтырған, уақытша қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Алайда топырақ шөгіп, учаске опырылып түскен. Соның салдарынан көліктер шұңқырға түсіп кеткен», – деп хабарлады әкімдік.
Мердігер компания зақымданған көліктердің иелеріне келтірілген шығынды өтеп берген. Сондай-ақ жолды қалпына келтіру міндеттелді. Ал полиция компанияға айыппұл салған.
Қыркүйек айында Алматыда жарты айда жауатын жаңбыр бір күнде жауып, Әуезов ауданындағы бір көшеде жол төсемі опырылып түскен.