«Қайрат» пен «Интер» матчын қайдан көруге болады

Қарашаның 5-нен 6-на қараған түні, жергілікті уақытпен түнгі сағат 01:00-де, «Қайрат» пен «Интер» матчы басталады. Чемпиондар лигасы аясындағы ойын тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазақстан чемпионы – «Қайрат» (Алматы) футболшылары Миланда жүр. Олар 4 қараша күні Джузеппе Меацца атындағы «Сан-Сиро» стадионында алғашқы жаттығуын өткізді.
Алматылық футбол клубының әлеуметтік желіде жариялаған видеосына қарағанда, футболшылардың көңілі көтеріңкі. Бірі «Белла чао» деп әндетсе, тағы бірі «Forza, Qairat» деп ұрандатты.
«Қайрат» пен «Интер» арасындағы ойынды «Қазақстан» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Ал «Қазспорт» телеарнасы «Қарабақ» – «Челси», «Брюгге» – «Барселона» матчтарын ұсынады.
Алматылық клуб Чемпиондар лигасының топтағы бәсекесінде үш ойын өткізді: бір мәрте тең түсіп, екі рет ұтылды. Қазір «Қайрат» 36 команда арасында 1 ұпаймен 34-орында тұр.
Естеріңізге сала кетейік, 26 қарашада «Қайрат» тағы да Қазақстан чемпионы атанған.