Жаңалықтар

«Қайрат» матчы қарсаңында «Интер» қазақ тілінде жазды

"Интер" Милан футболшысы Петар Сучич
«Интер» футболшысы Петар Сучич / фото: REUTERS/Claudia Greco

Италияның атақты «Интер» (Милан) футбол клубы әлеуметтік желіде қазақ тілінде жазды. Бүгін түнде жергілікті клуб «Сан-Сиро» стадионында «Қайрат» (Алматы) командасымен кездеседі.

Қазақ жанкүйерлерінің әлеуметтік желідегі белсенділігін бірден байқаған «Интер» Instagram парағына латын қаріптерімен қазақ тілінде жазды.

«Симеоне дербиде нақтылық пен қабілетке толы гол соқты. Осындай контент үшін «follow» бас».

Даңқты футболшы Диего Симеоне соққан голға осындай сипаттама берілген.

Фото: "Интер" клубының Instagram парағынан алынған скриншот
Фото: «Интер» клубының Instagram парағынан алынған скриншот

Бұған қоса, видеоға қазақ әншісі Баян Сұлудың «Ауа райы» әні қоса берілген. Екі ай бұрын жарыққа шыққан осы әнді Youtube-те 16 млн адам тамашалаған.

Әлбетте, миландық клубтың қазақ тілінде жазғанына біздің жанкүйерлер дән риза.

«Футболдан чемпион болмасақ та, желіде белсенділік жағынан бізге жетер ешкім жоқ», – деп есептейді әлеуметтік желідегілер.

Жарты күн ішінде қазақша жазбаны 56 мың адам ұнатып, 30 мыңнан астам адам пікір қалдырған. Олардың бәрі дерлік қазақ тілінде жазылған.

«Интер мен Қазақ бір туған», «Интер мен Қайрат бір туған» деп те жазып жатқандар бар.

Естеріңізге сала кетейік, 5 қарашадан 6 қарашаға қараған түні, жергілікті уақытпен түнгі сағат 01:00-де, «Қайрат» пен «Интер» матчы басталады. Чемпиондар лигасы аясындағы ойын тікелей эфирде көрсетіледі.