Ұлттық ұран – «Алға, Қазақстан!»: Тоқаев ішкі саясат туралы жарлыққа қол қойды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алға, Қазақстан ұлттық ұран
Коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» жарлыққа қол қойды. Онда «Алға, Қазақстан!» ұлттық ұран ретінде көрсетілген. Құжат мәтіні Ақорда сайтында жарияланды.

Мемлекет басшысы қабылдаған жарлық төрт тараудан, сонымен бірге кіріспе мен қорытындыдан тұрады.

Күшті президент

Бірінші тарауда ішкі саясаттың мақсаты мен қағидаттары айқындалған. Құжатқа сәйкес, билік жүргізетін ішкі саясат мақсаты – «мемлекеттілік пен ел бірлігін нығайту, елді тұрақты дамыту үшін қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету».

Басты идея – әділетті Қазақстанды құру.

«Оны жүйелі жүзеге асыру үшін ішкі саясаттың «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сияқты қағидаттары қалыптастырылды» деп жазылған жарлықта.

Ұлттық хэштег пен ұран

Екінші тарауда жалпыұлттық құндылықтар және нышандар туралы жазылған. Жарлықта «ұлттық нышандар елдің өзіне тән ерекшелігін тануға» ықпал ететіні айтылған. Осы мақсатта жалпыұлттық нышандардың мынадай тізімі айқындалған:

  • ұлттық ұран – «Алға, Қазақстан!»;
  • ұлттық түстер – аспан түстес көк, алтын сары түс;
  • ұлттық кітап нышаны – Абайдың «Қара сөздері»;
  • ұлттық бірлік нышаны – шаңырақ;
  • ұлттық музыкалық аспап нышаны – домбыра;
  • ұлттық өсімдік нышаны – қызғалдақ;
  • отандық өнім шығарудың ұлттық белгісі – «Қазақстанда жасалған», «Made in Qazaqstan»;
  • ұлттық хэштег – #Qazaqstan, #Kazakhstan.

Жалпыұлттық нышандардың осы тізімі елдің бірыңғай нышандар жүйесін және брендін қалыптастырады.

Ақпарат саясаты

Үшінші тарауда ішкі саясаттың басым бағыттары анықталған. Оларға мыналар жатады:

  • қоғамдық диалог;
  • этносаралық қатынас саласындағы саясат;
  • дін саласындағы саясат;
  • мәдени-гуманитарлық саясат;
  • отбасы саясаты;
  • жастар саясаты;
  • ақпарат саясаты.

Соңғысында «журналистік этиканың жалпыға ортақ қағидаттарын дәріптеу, ақпарат кеңістігіндегі кез-келген заңсыз әрекеттің таралуына қарсы іс-қимыл жасау» туралы айтылған. Бұған қоса, «деструктивті идеологияның және үгіт-насихаттың, жалған ақпараттың таралуына жол бермеу» – ішкі саясаттың бір мақсатына айналды. Енді билік «масс-медиа саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді» қолға алады.

Президент әкімшілігі жауапты

Тоқаев жарлығының төртінші тарауында ішкі саясатты іске асырудың институционалдық негізі туралы сөз болды.

«Ішкі саясат саласындағы жұмысты үйлестіруге президент әкімшілігі жауапты болады» деп жазылған құжатта.

Ал жергілікті жерде ішкі саясатты жүзеге асыруға барлық деңгейдегі әкімдер, сонымен бірге олардың ішкі саясат жөніндегі орынбасарлары және басқа да уәкілетті жергілікті атқарушы органдар жауапты болады.

Жарлық президент қол қойған күннен, яғни 2025 жылғы 5 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз