Жер қойнауындағы пайдалы қазбалар жаңа тәсілмен ізделеді

Қазақстанда жасырын кен орындарын анықтауға бағытталған жаңа геологиялық бағдарлама басталды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, бұл — 1:50 000 масштабындағы екінші буын геологиялық түсіру (ГС2-50) жобасы.
Оның мақсаты – жердің терең қабатында жатқан пайдалы қазбаларды заманауи әдістермен зерттеу және елдің минералдық-шикізат қорын толықтыру.
Бағдарлама аясында басты назар геохимиялық түсіруге аударылады. Бұл әдіс жер қойнауын тереңірек зерттеуге және болашағы бар кен аймақтарын дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Осы тәсілмен Аустралиядағы Бендиго–Балларат алтын кені ауданында, сондай-ақ Қазақстанның Лениногор, Зырян, Торғайдың батыс бөлігі, Жезқазған және Спас мыс кенінде барлау жүргізілген.
Халықаралық Ақпараттандыру академиясының ұсынысымен жүргізілетін жаңа тәсіл Аустралия мен Қазақстандағы табысты тәжірибелерге сүйенеді. Геохимиялық әдістер кезінде алынған деректер арнайы ELAN бағдарламалық кешені арқылы өңделеді. Бұл кешенді қазақстандық мамандар әзірлеген және ол бастапқы талдаудан бастап болжамдық модель құруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
Мамандардың айтуынша, осындай кешенді зерттеу арқылы 400–700 метр тереңдіктегі геологиялық құрылымдар мен рудалы денелер туралы жаңа мәліметтер алуға болады.
ГС2-50 бағдарламасы іске қосылғаннан кейін Қазақстан жасырын кен орындарын анықтауда инновациялық геохимиялық технологияларды қолданатын алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылады.
Бұған дейін Қазақстандағы кен орындарының көпшілігі «қағаз жүзінде ғана» бар екені айтылған.