
Astana Media Week алаңында «Qulaqsal» креативті студиясының бас продюсері Нұртілеу Амангелді Қазақстанның компаниялары мен телеарналарын отандық каскадерлерді қолдауға шақырды.
Оның сөзінше, отандық телеарналар мен ірі компаниялар экшн жанрындағы жобаларды дамытуға, әсіресе кәсіби каскадерлерді тартуға құлықсыз.
«Шетелдегі сериалдар мен киноларды алсаңыз, полициялары күшті төбелеседі. Олардың идеологиясы экшн-сериялары арқылы жақсы жеткізіліп жатыр. Ал бүкіл әлемге танымал Nomad Stunts жігіттерін Қазақстанда ешкім қолдамайды. Олар бүкіл әлемді баяғыда-ақ мойындатып қойған. Кезінде Түркия оларды шақырып, өз сериалдарында қазір аттың үстіндегі экшн-сахналарды түсіріп жүр. Муланды да түсірді. Не себепті ірі компаниялар мен телеарналар соларды шақырмайды? Креативті индустрия жайлы көп айтамыз ғой. Бірақ неге соларды қолдамасқа?» – дейді ол.
Нұртілеу Амангелді осы ойдан кейін әрекетке көшкенін айтты. Ол пилоттық жоба жасап, видеолар түсіріп, стриминг компаниялар мен телеарналарға ұсынған. Ол үшін 16 млн теңге жұмсаған. Пилоттық жоба тәуелсіз эпизодтар байқауында назарға ілініп, халықаралық фестивальдерде топ жарған.
Голливудтан Оскарға дейін
Nomad Stunts – Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің кино индустриясында аты шыққан кәсіби каскадерлер тобы. 2000 жылдардың басында белгілі каскадер әрі актер Жайдарбек Күнғожиновтың бастамасымен құрылған бұл команда бүгінде Голливуд пен әлемдік кино алаңдарында жоғары деңгейлі трюктер орындап жүрген танымал брендке айналды.
Nomad Stunts мүшелері «Марко Поло», «Мулан», «Великолепная семерка», «Томирис», «Көшпенділер», «Орда» сияқты ірі жобаларға қатысып, ұлттық каскадерлік мектептің шеберлігін дәлелдеді. Олар ежелгі түркі жауынгерлерінің салт-дәстүрін, ат үстіндегі айла-шарғыларды және күрделі шайқас сахналарын шынайы көрсетуімен ерекшеленеді. Топтың басты ерекшелігі – әрбір трюктің көрінісін қауіпсіз әрі әсерлі орындау. Көптеген халықаралық режиссерлер Nomad Stunts-ты «шығыс батырларының рухын бүгінге жеткізген кәсіби жауынгерлер» деп сипаттайды.
Айта кетейік, бұған дейін Жайдарбек Күнғожинов командасы Әлемдік каскадерлер академиясының Taurus World Stunt Awards сыйлығын «Томирис» фильміндегі үздік трюктер үшін жеңіп алғаны жайлы жазғанбыз. Қазір Күнғожинов жетекшілік ететін топ Оскар сыйлығын иелену мақсатында жаңа деңгейге ұмтылып отыр. 2027 жылдан бастап Америка киноакадемиясы үздік каскадер номинациясын енгізуді жоспарлап отыр.