
Астанадағы LRT жүйесінде жұмыс істеу үшін мамандар қабылдай бастады. CTS компаниясы оларды арнайы оқытуды жоспарлап отыр.
LRT-ға кімдер қажет?
- Станция ауысымының жетекшілері;
- Станция кезекшілері;
- Жылжылмалы құрам орталығының қозғалыс диспетчерлері;
- Жылжымалы құрам орталықтандыру бекеті диспетчерлері;
- LRT жабдықтары мен инфрақұрылымын басқару орталығының диспетчерлері;
- Сол орталықтың сигнал беру жүйесі бойынша техниктері;
- Байланыс техниктері;
- Электромонтерлер;
- Жол жөндеу учаскесінің шеберлері;
- Жылжымалы құрам жабдықтарын жөндеу дәнекерлері;
- Қойма меңгерушілері.
Оқыту және сертификаттау
Болашақ қызметкерлерді жұмыс беруші есебінен оқытады. Теориялық және практикалық дайындық Қазақстан мен Қытайда өткізіледі. Оқу мерзімі мамандыққа байланысты төрттен алты айға дейін созылады. Бағдарлама аяқталған соң қатысушылар халықаралық үлгідегі сертификат алып, LRT бөлімшелерінде жұмысқа орналастырылады.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткерде жоғары немесе орта арнаулы білім (көлік, машина жасау, электротехника немесе ұқсас салалар бойынша) және кемінде екі жылдық тәжірибе болуы қажет.
Оқу кезеңінде бес күндік жұмыс кестесі белгіленеді. Ал жұмысқа орналасқаннан кейін бес күндік немесе ауысымдық жұмыс режимі, лауазымға қарай реттеледі.
Қазанда LRT желісіне арналған жаңа вагондар партиясы жеткізілді. Ал қыркүйектің 29-ынан бастап қалада сынақтық пайдалану кезеңі басталды.