
Түркістан облысы Сауран ауданы Қарашық ауылындағы Қарашық каналына белгісіз жағдайда жеңіл көлік түсіп кетті. Көлік ішінде екі адам болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан видеоға қарағанда, құтқарушылар келгенше олар батып бара жатқан көлік үстіне шығып тұрған.
«Құтқарушылар мен полиция қызметкерлерінің үйлесімді және жедел әрекеттерінің арқасында құтқару арқанын пайдаланып, ер адамдарды қауіпсіз жерге шығарды. Сонымен қатар, арнайы авариялық-құтқару көлігінің көмегімен автокөлік судан сәтті шығарылды» делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Сауран аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, тұрғындар каналды кесіп өтпек болған. Каналдың терең жеріне келгенде тайып кетіп, шыға алмай қалған.
Оқиға кеше 5 қараша түні түсте орын алған. Екі адам құтқарылғаннан кейін, арнайы техникамен «Нива» көлігі де каналдан шығарылған.