Банк пен қаржы

«Еуразиялық банк» бәсекелестік заңын бұзған

фото: ашық дереккөзден

«Еуразия Банкі» АҚ бәсекелестік заңын бұза отырып жұмыс істеген. Клиенттеріне тек өзіне тиесілі сақтандыру компаниясын ұсынып, өзгелердің әділ бәсекеге түсуіне кедергі келтірген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осындай айып тақты.

Агенттіктің тексеру жүргізуіне клиенттер тарапынан келіп түскен шағымдар себеп болды. Олардың айтуынша, автокөлік сатып алу үшін банкпен несие шартына қол қоятын кезде олардан тек «СК Еуразия» мен КАСКО шартына отыруды ұсынған.

2024 жылы банк ұсынған автонесиелердің 98%-дан астамы дәл «СК Еуразия» АҚ арқылы сақтандыру шартымен берілген. Бірақ нарықта әлдеқайда тиімді шартпен қызмет көрсететін өзге де сақтандыру компаниялары бар. Әрі қарыз алушы да кез келген сақтандыру ұйымын таңдауға құқылы, шектеу болмауы керек.

«Тексеру нәтижесінде банк бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілерінің барын өз еркімен мойындап, оларды жою бойынша шаралар қабылдады», – деп хабарлады агенттіктен.

«Евразия» сақтандыру компаниясы «Еуразия қаржы компаниясына» тиесілі. Өткен жылдың тоғыз айында 51,4 млрд теңге таза пайда көрген.