Абзал Құспан «тоқал алуды заңдастыру» ойын түсіндірді

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан әлеуметтік желіде қызу талқыланған пікірін түсіндірді.
Бұған дейін депутат сұхбаттарының бірінде «тоқал алу мәселесін заңдастыру» туралы айтқан.
«…Жап-жас қыздарды тоқал ретінде алады. Сондықтан мен бұған жан-тәніммен қарсымын. Бірақ мен қарсы болды екен деп, сіз қарсы болды екен деп, заңда тыйым бар екен деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан мұны заңдастыру керек», – деді депутат.
Депутат сұхбатта некесіз туған балалардың құқығы мәселесін көтергенін айтқан.
Айтуынша, адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы мен Қазақстан ратификациялаған Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының қағидаттарына сәйкес, мемлекет әрбір баланың құқығын оның қандай жағдайда туғанына қарамастан қамтамасыз етуге міндетті. Яғни, халықаралық құқық бала некеде не некесіз туған деп бөлмейді.
Сондай-ақ бала туғаннан бастап азаматтық алып, ата-анасын білуге және олардың қамқорлығын алуға құқылы. Бала құқығы автоматты түрде пайда балады және оларды қамтамасыз ету міндеті тек ана мен туыстарына емес, мемлекетке де жүктеледі.
Қазақстандағы «Неке және отбасы туралы» кодекстің 52-бабы да некеде және некесіз туған балалардың тең екенін көрсетеді. Алайда іс жүзінде бұл норма қағаз жүзінде қалып отыр. Себебі баланың құқығын қорғау ананың әрекетіне тікелей тәуелді. Мәселен, анасы сотқа берді ме, әкесін анықтады ма, алимент өндіріп алды ма деген сұрақтар бар.
«Өмірде бұлай бола бермейді. Ана әлеуметтік жағынан осал, заң тұрғысынан сауатсыз болуы, өз құқығын білмеуі немесе оларды қорғауға мүмкіндігі болмауы мүмкін. Кейде ана қайтыс болған немесе баласын туыстарына қалдырып кеткен жағдайлар да кездеседі. Осындай сәттерде мемлекет қорғамаса, баланы кім қорғайды деген сұрақ туады», – деп жазды Құспан.
Айтуынша, Қазақстан Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясының қағидаттарын жалпы қабылдағанымен, оны жүзеге асыратын тетіктер толық енгізілмеген. Ал баланың қандай жағдайда туғанына қарамастан тең құқыққа ие болу қағидасы анасының әрекетіне тәуелді болып отыр. Мемлекет рөл ойнамай отыр.
«Халықаралық стандарттарға сай болу үшін мемлекетке баланың құқықтарын өз бастамасымен қорғау міндетін заң жүзінде бекіту қажет. Бұл уәкілетті органдар арқылы ата-аналардың әрекетіне қарамастан жүзеге асырылуға тиіс», – дейді депутат.
Абзал Құспан көп әйел алуды қолдамайтынын, некесіз қатынасқа түсетіндерді ақтап немесе насихаттамайтынын жеткізді. Алайда мұндай жағдай қоғамда кездеседі. Бұл жағдайда болып жатқан әрекеттерге көз жұма қарауға болады немесе көп әйел алуға қойылған тыйымды бұзғандарға жауапкершілік енгізуге болады.
Депутат көпшілік талқылап жатқан «тоқал» және «некесіз туған бала» тақырыбы артында адам құқығы мен әлеуметтік қорғау мәселесі жатқанын айтып өтті.