
Алматыда бір топ ер адам тұрғын үй кешені маңында төбелес шығарған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Видеодан төбелеске он шақты адамның қатысқанын көруге болады. Алматы полициясының хабарлауынша, оқиға Алатау ауданында болған.
Қазір бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Оқиғаға қатысқан 6 адам анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ полиция азаматтарды агрессивті әрекеттерден аулақ болуға, даулы мәселелерді заңды жолмен шешуге шақырды.