Молдова Кишиневтегі «Русский домды» жаппақшы

Молдова үкіметі Ресеймен мәдени орталықтарды құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімді бұзу жөніндегі заң жобасын мақұлдады. Бұл шешімге сәйкес Кишиневтегі Ресей ғылым және мәдениет орталығы жабылады деп хабарлайды Radio Moldova.
Билік өкілдері бұл орталықты «Кремльдің гибридті ықпал ету құралы» деп санайды. Елдің мәдениет министрі Кристиан Жардан Молдовада «Русский дом» болғанмен, Ресейде ешқандай да Молдова орталықтары жоқ екенін атап өтті.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Молдова үкіметінің шешіміне өкініш білдірді.
«Өкінішке қарай, Молдова басшылығы Ресеймен байланыстының бәрін жоққа шығаратын саясатты жалғастырып отыр»», – деді ол.
Кишиневтегі Ресей үйін жабу туралы әңгіме 2025 жылдың ақпанында басталған еді. Сол кезде Молдова билігі елдің әуе кеңістігін бірнеше дрон бұзғанын, олардың Ресейге тиесілі екенін мәлімдеген. Алайда Мәскеу бұл айыптауларды негізсіз деп жоққа шығарды.
Осы жылы қыста Әзербайжанда да «Русский домды» жабу туралы әңгіме көтерілді. Дәл сол сияқты америкалық USAID-тің кеңсесін жапты. Билік екі орталық та «жұмсақ күш» саясатын жүргізу құралы деп қарастырады.
«Русский дом» Қазақстанда бар ма?
«Русский дом» – Ресейдің шетелдегі мәдени және гуманитарлық ықпалын арттыру мақсатында құрылған жоба. Оның ресми атауы – Ресей ғылым және мәдениет орталығы, ал «Русский дом» – сол орталықтардың брендтік атауы. Әлемнің 80-ге жуық елінде ашылған. Оның ішінде Қазақстанда да бар.
«Бұл – орыс тілін оқытуды ілгерілету мен қолдау, Ресей мәдениетін, әдебиетін, ғылымы мен білімін насихаттау, ортақ тарихымызды сақтау және қолдауға бағытталған бағдарлама. Қазақстанда тұратын отандастарды қолдап және үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнатады», – деп жазылған Астанадағы кеңсесінің сайтында.
Алматыдағы кеңсесінде тіл үйрету курстарын жүргізеді, ресейлік ақын-жазушыларға арналған шаралар өтеді.