
Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара сауда 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында 5,4 млрд долларға жетіп, тарихи рекорд орнатты. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 14,8%-ды құрады (2024 жылы — $4,7 млрд), ал 2012 жылмен салыстырғанда 2,3 есе артқан. Бұл туралы экономист Ернар Серік өз телеграм-арнасында жазды.
Осылайша, Орталық Азияның Қазақстанның жалпы сыртқы саудасындағы үлесі 2,7%-дан 6%-ға дейін ұлғайды. Негізгі сауда серіктестері — Өзбекстан мен Қырғызстан. Бұл екі елге аймақтық сауданың 80%-дан астамы тиесілі.
2025 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанның аймақ елдеріне экспорты 23%-ға өсіп, $4,1 млрд болды. Бұл өзара саудадағы негізгі өсім көзіне айналды.
- Өзбекстанға экспорт көлемі 26,7%-ға артып, $2,19 млрд құрады;
- Қырғызстанға жеткізу 28,4%-ға өсіп, $1 млрд-қа жетті;
- Тәжікстанға экспорт 13,9%-ға көбейіп, $0,7 млрд болды;
- Түрікменстанға жеткізілім 3,2%-ға өсіп, $0,2 млрд деңгейінде қалыптасты.
Экспорт құрылымы қандай
Қазақстанның Орталық Азия елдеріне экспорты соңғы жылдары айтарлықтай әртараптанып келеді.
- Шикізат пен жартылай шикізаттың үлесі 32%-ға дейін төмендеді (2024 жылы — 39%, 2019 жылы — 55%);
- Жартылай фабрикаттардың үлесі 40%-ға дейін артты (2024 жылы — 34%);
- Дайын өнімнің үлесі 21%-ға жетті (2024 жылы — 18%).
2012 жылдан бері аймақ елдерінің Қазақстан экспортының дайын және аралық өнімдеріндегі үлесі 12,8%-дан 33%-ға дейін өсті. Бұл Орталық Азия қазақстандық өңделген өнімнің басты нарығына айналып келе жатқанын көрсетеді.
Басты экспорттық тауарлар: бидай ($0,6 млрд), күнбағыс майы ($0,3 млрд), болат прокаты мен шыбықтары ($0,3 млрд), сондай-ақ мұнай өнімдері мен алтын. Бұдан бөлек, Қазақстаннан ет, қант, алюминий бұйымдары, құбырлар және тұрмыстық техника да экспортталады.
Импорттағы өзгерістер
Орталық Азия елдерінен импорт, керісінше, 2025 жылы аздап төмендеп, $1,3 млрд болды ( жылдық мәнде 6% азайған).
- Тәжікстаннан жеткізілімдер $164 млн-нан $76 млн-ға дейін қысқарды;
- Қырғызстаннан импорт $333 млн-нан $347 млн-ға дейін өсті;
- Түрікменстаннан келетін тауар көлемі сәл азайып, $126 млн болды;
- Өзбекстаннан импорт шамамен бұрынғы деңгейде қалды ($763 млн).
Импорттың негізгі бөлігі — автомобиль кузовтары мен бөлшектері, іштен жанатын қозғалтқыштар ($0,2 млрд), асыл металдар кендері мен концентраттары ($0,1 млрд), табиғи газ ($0,07 млрд), сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидек (шамамен $0,2 млрд).
Жалпы көлем азайғанымен, импорт құрылымы сапалық тұрғыдан жақсарды. Қазақстан енді аймақтан тек аграрлық өнім емес, көлік құрастыруға қажетті бөлшектер мен қозғалтқыштар сияқты аралық тауарларды да импорттай бастады. Бұл өзара өндірістік және логистикалық байланысты күшейтіп жатыр.