Жаңалықтар

ҚТЖ 2026 жылы акцияларын қос биржаға қатар шығаруы мүмкін

ҚТЖ акциялар қос биржаға шығады/Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы (ҚТЖ) 2026 жылдың екінші жартысында қосарланған IPO өткізуді қарастырып отыр. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, компания өз акцияларын бір уақытта Лондон қор биржасы мен Қазақстан қор биржасында орналастырмақ.

Болжам бойынша, IPO көлемі 10 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін. Консультанттар ретінде халықаралық қаржы алпауыттары: Citigroup, JPMorgan және Société Générale компаниялары тартылған.

ҚТЖ акцияларын биржаға орналастыру 2023 жылға жоспарланған еді. Кейін бұл мерзім 2025 жылдың соңына шегерілді. Ол кезде мемлекет компания акцияларының шамамен 20%-ын сатуды көздеген болатын. Енді жоспар қайта қаралып, нақты орналастыру мерзімі 2026 жылдың екінші жартысына ауысқан.

Сарапшылардың пікірінше, КТЖ-ға инвесторлардың қызығушылығы жоғары бола қоймауы мүмкін. Бұған компания капиталының басым бөлігі мемлекет меншігінде болуы, реттеуші тәуекелдердің көптігі және қомақты қарыз көлемі әсер етеді. Соңғы жылдары КТЖ-ның қарызы 2,9 трлн теңге деңгейінде қалып отыр.

Бұған қоса, ҚР Жоғары аудиторлық палатасы компанияның қаржылық тұрақтылығына қатысты тәуекелдер бар екенін, тіпті дефолт қаупі туындап тұрғанын ескерткен.