Қазақ кәсіпкері Жасұлан Төлепбеков Ресейде тағы істі болды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Жасұлан Төлепбаев Delta Bank-тің бұрынғы акционері
Кәсіпкер 2023 жылы 4,5 жылға сотталған / фото: Коммерсантъ

Ресей прокуратурасы қазақстандық кәсіпкер Жасұлан Төлепбековке қатысты істі сотқа жолдады. Оған банктердің бірінен 16,6 млрд рубль (шамамен 107 млрд теңге) ұрлап, бір бөлігін Қазақстандағы шотына аударды деген айып тағылды.

Прокуратура айыптады

РФ Бас прокуратурасының мәліметіне қарағанда, құзырлы мекеме Жасұлан Төлепбеков пен Денис Ширяевке қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау қорытындысын бекітті. Оларға «ақша ұрлау», шетел азаматтарының шотына ақша аудару үшін «жалған құжат пайдалану», «қылмыстан түскен ақшаны заңдастыру» айыптары тағылды.

Тергеу нұсқасына қарағанда, 2016-2019 жылдары «МИнБанк» президенті Әбубакар Арсамаков, «Ростовская нива» жетекшісі Төлепбеков және оның қарамағындағы Ширяев пен Ирина Верещагина кредит ұйымынан 16,6 млрд рубль ұрлаған.

«Ұрлан қаражаттың 754 млн рублі астық жеткізу келісімімен заңдастырылған. Шамамен 1,6 млрд рубль Қазақстандағы ұйымның шотына заңсыз шығарылған», – деп таратты Ресей прокуратурасы.

Верещагина мен қылмыстық топтың басқа да мүшелеріне қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ. Арсамаков 2020 жылы қайтыс болған. Ширяев пен Төлепбеков ісі сотқа жолданған.

Коммерсантъ мәліметінше, істі Мәскеудің Симоновский аудандық соты қарайды. Ресейлік газет 2023 жылғы 31 қазанда Төлепбеков пен Ширияев, сонымен бірге Наталья Асанович 1,6 млрд рубль ұрлады деген айыппен 4,5 жылға сотталғанын жазған.

Төлепбеков және Қазақстан

Жасұлан Төлепбековтің Қазақстанға қатысы бар. Кәсіпкер кезінде қазақстандық Delta Bank акцияларының 9,15%-ына иелік еткен. Оның «Ростовская нива» компаниясы Қазақстанмен байланысы бар кәсіп жүргізген. Соған байланысты Төлепбековті Ресей мен Қазақстанның банк және агроөнеркәсіп салаларында іс жүргізген кәсіпкер деп атауға болады.

Айта кетейік, Қазақстан Ұлттық банкі Delta Bank лицензиясын 2017 жылғы қарашада қайтарып алды. Ал 2018 жылғы сәуірде қаржы мекемесінің қызметі сот шешімімен тоқтатылды. 2023 жылғы 31 қазанда банк басшысы Нұрлан Тілеубаев 10 жылға сотталған.

Сондай-ақ оқыңыз