Жаңалықтар

Қазақстан алғаш рет Арменияға бидай жөнелтті

фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның ұлттық астық операторы 30 жыл ішінде алғаш рет Армения Республикасына азық-түліктік бидай жеткізді. Астық Әзербайжан аумағы арқылы транзиттеледі. Бұл жайлы ауыл шаруашылық министрлігі хабарлады.

«Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімдерді қолдау мақсатында Қазақстан жаңа теміржол бағытымен азық-түліктік бидайдың пилоттық партиясын жөнелтті», – деп хабарлайды ведомстводан.

6 қарашада 15 вагоннан тұратын пойыз Әзербайжан шекарасынан өтті. Бірнеше күннен кейін бидай Армениядағы Даларик станциясына жеткізілуі керек.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтің сөзінше, жаңа транзиттік бағыттың ашылуы қазақстандық астық экспортының аумағын кеңейтеді. Кавказ өңірі елдері арасындағы логистикалық байланыстарды дамытуға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға зор ықпал етеді.

Бұған дейін Әзербайжан Арменияға жүк транзиттеуге шектеу қойған еді. Яғни ел аумағы арқылы Ереванға тауар тасымалдауға тыйым болды. 21 қазанда бұл шешім күшін жойып, Ильхам Әлиев Арменияға жүк транзитіне қойылған барлық шектеу алынғанын айтты.