
Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті бұйрық шығарып, Қазақстаннан бұқаларды шығаруға салынған тыйымды ұзартты.
Құжат «Ауыл шаруашылығы жануарларын экспорттауға қатысты кейбір мәселелер туралы» деп аталады.
Бұйрыққа сәйкес, 2026 жылғы 30 сәуірге дейін ірі қара малдың бұқаларын Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға тыйым енгізілді.
«Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бұйрықтың 1-тармағында көзделген шаралардың орындалуы туралы ақпаратты заңнамада белгіленген тәртіппен Еуразиялық экономикалық комиссияға жеткізсін», – делінген бұйрықта.
Бұған дейінгі тыйым осы жылдың 30 қазанына дейін күшінде болған еді.
Бұл шешім ең алдымен ел ішіндегі мал басын сақтау және ет өндірісін тұрақтандыру мақсатында қабылданды. Соңғы жылдары бұқаларды шетелге тірідей экспорттау көлемі артқандықтан, ішкі нарықта төл саны азайып, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына шикізат тапшылығы байқалған еді.
Агросарапшылардың айтуынша, шектеу шарасы мал шаруашылығындағы теңгерімді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұқаларды ел ішінде ұстап қалу – генетикалық іріктеуді күшейтіп, тұқымдық сапаны жақсартуға да ықпал етеді. Сонымен қатар бұл шешім ішкі нарықтағы ет бағасының өсуін тежеуге бағытталған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл кезеңде асыл тұқымды мал өсіру мен ет экспортының өңделген түрлерін арттыруға басымдық бермек. Яғни тірі малды емес, дайын өнімді сыртқа шығару – экономикалық тиімді әрі ұзақмерзімді стратегия ретінде қарастырылып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылдың соңына дейін сиыр еті экспортын шектеуді ұсынған еді. Ведомство мұны «ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын сақтау» қажеттілігімен түсіндіреді.