Жаңалықтар

Сенат депутаты психологтар мен коучтар жайлы заң қабылдауды ұсынды

психолог, ноутбук, skype
фото: shutterstock

Сенат отырысында депутат Амангелді Есбай психологтар мен коучтар жайлы заң қабылдау қажет дегенді айтты. Оның сөзінше, псевдокоучтар мен дипломы жоқ психологтар елдегі отбасы институтын бұзып жатыр.

«Кейінгі уақытта өзін психолог емеспіз психосоматикамен айналысамыз деп таныстыратын топтар пайда болып, түрлі курстар өткізіп, өз беттерінше сертификат таратады. Псевдосарапшылардың кейбірі сан ғасырлар қалыптасқан отбасылық дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарға қарсы пікірлерді ашық айтады. Отбасылық кеңес беруді сылтауратып, «жұбайыңызды қалай өзгертуге болады», «балаңызды басқару әдістері», «ажырасу жаңа өмірдің басы секілді» радикалды көзқарасты насихаттаушы «мамандар» әсерінен айрандай ұйып отырған отбасы шаңырағы шайқалып жатыр», – дейді депутат.

Қазір елде нақты қанша психолог пен коуч бар екені белгісіз, есепке алынбаған. Ол қызметтен түсетін кіріс те бақыланбаған. Көпшілігі төлемді мобильді аударым немесе қолма-қол ақшамен қабылдайды, бірақ ол табысты декларацияламайды.

Депутат бұл нарықты реттеу үшін бірнеше ұсынысын айтты:

  • психологиялық және коучинг қызметттері туралы заң қабылдау, лицензиялау тетігін енгізу
  • психолог және коуч деген атауды тек кәсіби біліктілігі бар мамандарға ғана қолдануға құқық беру.
  • психологтар мен коучтардың бірыңғай ұлттық реестрін құру
  • этика бұзған мамандарды жауапкершілікке тартатын психологиялық омбудсмен ұғымын енгізу

«Тиісті заңнамалық реттеу болмаған жағдайда психологтар мен коучтардың реттелмеуі азаматтардың психикалық және әлеуметтік қауіпсіздігіне қатер төндіруі ықтимал», – деп түсіндіреді депутат.

Осы жылы жазда инстаграмда курсын сатқан бизнес-коуч 5 жылға сотталды.  Прокуратура мәліметінше, ол өзін онлайн-сауда және сатып алу саласындағы бизнес-тренер ретінде таныстырған. Солайша астаналықтарды әлеуметтік желі арқылы өзінің курстарын сатып алуға шақырған.