АҚШ мемлекеттік хатшысы Рубио Қазақстанға келеді

АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Марко Рубио 2026 жылы Орталық Азиядағы бес елге сапарлап келеді. Бұл туралы саясаткер сәрсенбі күні аймақ елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуі кезінде мәлімдеді.
Reuters ақпаратына қарағанда, Вашингтондағы жүздесуде аймақтағы табиғи байлық туралы да сөз болған.
«Сіздер құдай берген байлықты игеріп, оны елдің дамуына, экономикасына жұмсағыларыңыз келеді. Өз басым аймақтағы бес елдің бәріне келесі жылы баруды жоспарлап отырмын. Сапар бір аптаға созылатын шығар», – деп мәлімдеді Рубио.
Бұл уақытта мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландау Вашингтон әуежайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты күтіп алған. Мемлекет басшысы 6 қарашада Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі. Келіссөздер барысында сирек кездесетін металдар өндірісі туралы әңгіме болуы мүмкін.
Бұған дейін Kursiv.Media Трамп әкімшілігі Қазақстанда вольфрам кен орны үшін Қытаймен таласып жатқанын жазған. Елдегі вольфрам еніштеріндегі байлық миллиардтаған долларға бағаланады. Әңгіме Жоғары Қайрақты және Солтүстік Қатпар кен орындары туралы болып отыр. «Тау-кен Самұрық» компаниясының сайтында жариялаған мәліметке қарағанда, бұл екеуінде 12,5 мың тонна вольфрам бар.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы ақпанның аяғында сол кездегі мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен Қазақстанға келген. Ал оның алдында АҚШ Мемлекеттік департаментін басқарған Майк Помпео 2020 жылғы ақпанда республикаға сапарлаған.