Health

Қостанай облысы 50 реанимобиль сатып алды

реанимобиль жедел жәрдем Қостанай
фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қостанай облысында жедел жәрдем автопаркі жаңартылды. 6 қарашада 50 жаңа медициналық жәрдем көлігінің кілті тапсырылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Министр Ақмарал Әлназарова осы өңірде жүр.

Министрлік мәліметінше, жыл басынан бері ел бойынша жедел медициналық көмек қызметі шамамен 6 млн шақыртуға қызмет көрсетті. Қостанай облысында тоғыз айда 234 мың қоңырау қабылданды.

«Жай ғана статистика емес. Оның артында сіздің еңбегіңіз, жинақылығыңыз және адалдығыңыз жатыр», – деді министр реанимобиль кілтін тапсыру салтанатында.

Автопарк пен жабдық үнемі жаңартылып отырады. Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында жедел жәрдем станциялары салынып жатыр. Батыс Қазақстан және Атырау облыстары құжат дайындайды. Қыркүйекте Жетісу облысында екі жаңа қосалқы станция пайдалануға берілді.

Қазақстанда тұрғындар жедел жәрдем көлігінің өте кешігіп жететініне жиі шағымданып жатады. Медициналық шұғыл көмектің кешігуіне көбіне техника мен маман жетіспеушілігі себеп болады.