
Қазақстанда концерт ұйымдастырушылары мен орындаушылар фонограмма қолдану талаптарын бұзғаны үшін 4 миллионға жуық айыппұл төлеуі мүмкін.
Бүгін Сенатта «Мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Көрерменге ескерту қажет…
Сенат депутаты Советбек Медебаевтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда концерт ұйымдастырушылары көрермендерге фонограммамен болатыны жөнінде хабардар етуге міндетті. Ал жаңа түзетулер бұл талапты қатаңдатып, фонограмма қолдануға тікелей тыйым салуды көздейді.
Қандай жауапкершілік көзделген?
«Бұл нормалар арасында қайшылық туындамай ма? Егер фонограммаға тыйым салынса, оны бақылау механизмі қандай болады және ұйымдастырушылар мен орындаушылар қандай жауапкершілікке тартылады?» – деп сұрады сенатор.
Вице-министр Айбек Сыдықов бұл мәселе бойынша Үкіметтің ұстанымы барын айтты. Ал заңға енгізілетін түзетулер Сенаттағы жұмыс топтарында пысықталып, келісілген.
«Мәжіліс депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жаңа норма енгізуді ұсынды. Бұл норма фонограммаға қатысты тыйымды бұзғаны үшін 1000 АЕК-ке дейін (3,9 млн теңге) айыппұл салуды көздейді. Осы талаптың орындалуын бақылау әкімдіктерге жүктеледі», — деді Сыдықов.
Фонограммаға қандай жағдайда рұқсат етіледі
Дегенмен вице-министр фонограммадан толық бас тарту мүмкін емес екенін айтады.
«Мұнда 200 адамнан астам көрермен жиналатын мәдени-көпшілік шаралар туралы сөз болып отыр. Мәдениет мекемелерінде тек концерттер ғана емес, сонымен қатар театр қойылымдары, цирк бағдарламалары сияқты фонограмма қолданылатын өзге де іс-шаралар өтеді. Сондықтан біз бұл ұғымдарды концерттік, мәдени және көпшілік іс-шаралар деп бөліп алдық. Тыйым тек 200 адамнан асатын концерттік іс-шараларға қатысты болады», — деді ол.
Фонограммаға тыйым салу бастамасы бұған дейін де көтерілген болатын. Дегенмен заңға арнайы норма енгізу ұсынысын Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдамаған еді.