Жаңалықтар

165 мың қазақстандық мұғалім Freedom Holding арқасында ChatGPT EDU-ді пайдалана алады

/ коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

ChatGPT әзірлеушісі – OpenAI, Тимур Турлов жетекшілік ететін Freedom Holding Corp. компаниясы мен Қазақстан үкіметі Вашингтонда стратегиялық келісімге қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Қазақстандағы 165 мың мұғалім жеке деректердің құпиялығы мен басқару тетіктері күшейтілген арнайы білім беру нұсқасы – ChatGPT Edu платформасына қол жеткізеді. Бұл туралы Freedom Holding Corp. баспасөз қызметі хабарлады.

Келісімнің арқасында Қазақстан бүкіл білім беру жүйесі деңгейінде мектептен бастап университетке дейін ChatGPT Edu енгізетін әлемдегі алғашқы елдердің бірі болмақ.

Келісім аясында бастаманы Freedom Holding Corp. қаржыландырады, OpenAI ChatGPT Edu платформасын ұсынып, қазақ пен орыс тілдеріндегі жергілікті қолдауды жүзеге асырады, ал Қазақстан үкіметі жобаны мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары деңгейінде үйлестіріп отырады.

Жоба ұлттық білім беру бағдарламаларымен және педагогтерді даярлау әрі біліктілігін арттыру жүйелерімен біріктіріледі. Барлық қазақстандық мұғалім ChatGPT Edu-ге BilimClass платформасы арқылы қол жеткізе алады.

ChatGPT Edu мұғалімдерге тегін нұсқада жоқ кеңейтілген мүмкіндіктер береді. Атап айтқанда:

  • құжаттарды, деректер жиынтықтарын және интернет-материалдарды жүктеу және талдау;
  • пәндер, оқу тапсырмалары мен бағалау критерийлері бойынша жеке AI-ассистенттер жасау;
  • оқу үдерісін басқару жүйелерімен, дерекқорлармен және басқа цифрлық ресурстармен біріктіру;
  • оқу материалдарын, тапсырмаларды, кері байланыс пен бағалауды құрылымдауға арналған жұмыс кеңістіктері.

Freedom Holding қаржыландыруының арқасында сервис мұғалімдер үшін тегін болады. Осылайша, ұстаздар өз кәсіби қызметінде жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі ыңғайлы түрде қолдана алады.

OpenAI – жасанды интеллектті зерттеу және кеңінен енгізумен айналысатын компания. 2015 жылы Илон Маск пен Сэм Альтманның бастамасымен құрылған. Компания ең алдымен өзінің генеративті жасанды интеллект чат-боты – ChatGPT арқылы танымал. Бұдан бөлек, OpenAI бейне жасауға арналған Sora және сурет генерациялайтын Dall-E платформасын әзірлеумен де айналысады.

2025 жылдың алғашқы жартысында OpenAI-дің кірісі 4,3 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың бүкіл кірісінен асып түсті. Шығын шамамен 2,5 млрд доллар. Компания ChatGPT жұмысын қолдауға және жасанды интеллект зерттеулеріне миллиардтаған доллар инвестициялады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша OpenAI 13 млрд доллар табыс табады деп күтіліп отыр, бұл 2024 жылмен салыстырғанда үш еседен аса көп.

Freedom Holding Corp. – Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы жетекші брокерлік және инвестициялық холдинг. Холдингтің бас директоры және ірі акционері – Тимур Турлов, Forbes Kazakhstan бағалауынша оның дәулеті 5,8 млрд долларды құрайды (Қазақстандағы ең бай адамдар рейтингінде екінші орын).

Қазақстанда холдинг Freedom Broker («Фридом Финанс» АҚ, KASE мүшесі) және Freedom Finance Global (AIX мүшесі) брендтерімен брокерлік қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, холдинг құрамында Freedom Bank, Freedom Insurance пен Freedom Life сияқты сақтандыру компаниялары, сондай-ақ Freedom Travel әуе билеттерін сату сервисі мен концерт, кино және мәдени іс-шараларға билет сатумен айналысатын Freedom Ticketon бар.

2025 қаржы жылының қорытындысы бойынша (2024 жылдың сәуірінен 2025 жылдың наурызына дейін) Freedom Holding Corp. кірісі 2,1 млрд долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға өскен. Таза пайда 84,5 млн доллар, ал активтер көлемі 8,3 млрд доллардан 9,9 млрд долларға дейін ұлғайған. (+19% жылдық өсім).