
Air Astana әуекомпаниясы Boeing компаниясымен өз тарихындағы ең ірі келісімшартқа қол қойды. Осылайша 18 Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын сатып алатын болды. Оның жалпы құны – 7 миллиард доллар.
«Бұл тапсырыс 2026-2027 жылдары жеткізіледі деп жоспарланған үш Boeing 787-9 ұшағына қатысты келісімшартты толықтырады. Осылайша жалпы тапсырыс көлемі 18 әуе кемесіне дейін ұлғаяды. Жаңа ұшақтар 2032-2035 жылдар аралығында жеткізіледі. Қозғалтқыштармен қоса есептегенде, 18 Boeing 787-9 Dreamliner ұшағының жалпы құны 7 миллиард АҚШ долларына тең», – деп хабарлады әуекомпания.
Айта кетейік, Өзбекстанның Uzbekistan Airways әуекомпаниясы 22 Boeing 787 Dreamliner ұшағын 8 млрд долларға сатып алады.
Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Питер Фостердің айтуынша, алғашқы Boeing 787-9 Dreamliner ұшағы келесі жылы жеткізіледі.
«Dreamliner ұшағының салоны жайлы, отынды үнемдейді және түрлі қашықтықта тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін икемділігімен ерекше. Осындай үлгідегі 18 ұшақтан тұратын флоттың арқасында жолаушыларға жоғары сапалы әрі жайлы қызмет көрсете түсеміз» – деді ол.
Ал Питер Фостер 2026 жылы әуекомпания басшылығынан кетеді.