
Премьер-министр Олжас Бектенов авиациялық хаб құру жөніндегі Президент тапсырмалары аясында Астана әуежайын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мәліметке сәйкес, жиында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек премьер-министрге Астана әуежайының ұшу-қону жолағын жоспарлы жөндеу мерзімінің аяқталғаны туралы баяндаған. Сонымен қатар әуе айлағының материалдық-техникалық базасын одан әрі реконструкциялау жоспарлары туралы және әуежай жылына 12 млн жолаушыға дейін қызмет көрсететіндей үлкейтілетінін хабарлаған.
«Жобада жаңа ұшу-қону жолағын салу, перрондар мен терминалдарды жөндеу, техникалық құралдарды жаңарту сынды тағы да басқа жұмыстар қарастырылған. Одан бөлек, логистикалық кешендер, қоймалар, қонақүйлер, кеңселер және әкімшілік ғимараттарды қоса алғанда инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда әуежай жылына 9 млн-ға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Жобаны жүзеге асыру таяудағы бірнеше жылда бұл көрсеткішті орта есеппен 12 млн жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жиын барысында қатысушылар әуежайды одан әрі дамыту үшін инвесторлар тарту мәселесін талқылады. Ірі халықаралық корпорациялар тарапынан қызығушылық бары атап өтілді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр Көлік министрлігі мен Астана қаласының әкімдігіне елорданың авиациялық әлеуетін дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асыру мәселесін бақылауда ұстауды тапсырған.
Айта кетейік, бұған дейін елорда әуежайында ұшу-қону жолағын жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталғанын жазған едік.