
«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазір тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Бұл туралы Kursiv.Media тілшісіне адвокат Анар Құсайынова айтты.
Садырбаевқа қатысты қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша қозғалған.
Қамауда отырып үндеу жолдады
Адвокат Құсайынова Алмасбек Садырбаевтың үндеуін де жариялады.
«Бір жыл бойы үнсіз төзіп, үміттеніп, әділ шешімді күттім. Осы уақыт ішінде мені он рет этаппен басқа изоляторларға ауыстырды, әр кезең мен үшін ауыр сынақ болды. Тергеу мерзімінің соңғы күні ведомствоаралық тергеу тобы іске жаңа баптар – «ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу» және «мүлікті заңдастыру» баптарын қосып, менің қамауда болу мерзімімді тағы ұзартты», – деген Садырбаев үндеуінде.
Айтуынша, 2024 жылы өзіне үш қылмыстық іс қозғауға әрекет жасалған. Алайда бәрі қылмыс құрамның болмауына байланысты тоқтатылған.
Сөзінше, Алматы облысы прокуратурасы элиталық пәтері бар деген жалған ақпарат таратқан.
«Бұл шындыққа жанаспайды, менде мұндай пәтерлер ешқашан болған емес. (…) Менің құқығым бірнеше рет бұзылды: сот шешімдері мен қаулылар уақтылы табысталмады, сот отырыстары жөнінде кеш хабарланды. Тергеу судьялары көбіне прокуратураның жалған ақпараттарына сеніп қалды», – дейді ол.
Садырбаев не үшін ұсталды?
Алмасбек Садырбаев 2024 жылдың қарашасында ұсталған. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, ол Балқаш, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Ұйғыр және Кеген аудандарында шаруа қожалықтарымен бірлесіп кооператив құрған. Уақ малдың аналық басын көбейтуге және жемшөп шығындарын өтеуге субсидиялар алған. Алайда ол кооперативке қосқан қожалықтардың жайылым жері болмаған.
Дей тұрғанмен кооператив басшылығы атынан жалған кадастрлық нөмірді көрсетіп, субсидияға өтініш бере алғаны айтылды. Қашықтан өтініш бергенде кооператив басшылығының ЭЦҚ-кілттерін қолданған.
Оның өтініші мақұлданып, мемлекеттен 1,2 млрд теңге көлемінде субсидия ала алған.