Дана Қарағұсова ғарышқа бару үшін тоқтаусыз үш жыл хат жазған

Жарияланды 7 Қараша 2025 12:44

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
Қазақстаннан ғарышқа ұшқан алғашқы әйел
Дана Қарағұсова / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстаннан ұшқан алғашқы ғарыш турисі Дана Қарағұсова сапарын үш жыл күткен. Ол жайлы Forbes Kazakhstan-ға берген сұхбатында айтып берді.

8 қазанда Дана Қарағұсова америкалық Blue Origin ұйымдастырған New Shepard кемесімен суборбиталық ұшуға шықты. Бірақ бұл құрамға іліну үшін тоқтаусыз үш жыл хат жазған екен.

«Оған дейін басқа екі компанияға тұрақты түрде хат жазып тұрдым, бірақ маған жауап бермеді. Өзіме күнтізбеге ескертпе қойып, айына бір рет оларға хат жазатынмын. Қызық, маған ешкім жауап бермейтін. Тіпті менің хатымды алды ма, жоқ па – оны да білмедім», – дейді ол.

Қарағұсоваға Blue Origin тек үш жылдан кейін ғана жауап береді. Одан кейін іріктеу процесі басталады. Компания өтінім бергендердің барлығын кемеге алмайды, өте мұқият таңдап алады.

«Олар онлайнмен сөйлесіп, менің қандай адам екенімді білгісі келді. Болашақта ғарышқа ұшқаннан кейін оны қалай қабылдайтынымды, қоғамға қалай жеткізетінімді анықтауға тырысты. Былай қарасаңыз, сұрақтары өте қарапайым сияқты, бірақ оның астында терең мақсат жатыр», – дейді Дана. Оның түсіндіруінше, Дананың Азиядан шыққаны, америкалықтар үшін экзотикалық елдің азаматы екендігі артықшылық болған.

Ғарышта болу бірнеше минутқа созылса да, әрбір экипаж мүшесі сол минуттарда не істейтіні жайлы жоспар дайындап алған.

«Мен креслодан тұрып, белдікті шешіп, салмақсыздық жағдайын сезінгім келді», – деген ниетін айтты турист.

Данамен бірге биіктігі 100 шақырымнан асатын суборбиталық ұшуға тағы бірнеше ер адам қатысты:

  • Джефф Элджин – франчайзинг саласындағы кәсіпкер, FranChoice консалтинг компаниясының негізін қалаушы және бас директоры;
  • Клинт Келли III – электр инженері, DARPA агенттігінің зерттеу жобаларының ардагері, бұл оның екінші ұшуы (біріншісі 2022 жылы болған);
  • Уилл Льюис – Insmed биофармацевтикалық компаниясының бас директоры (оның есімі ұшу аяқталғаннан кейін ғана жарияланды);
  • Аарон Ньюман – IT кәсіпкер, саяхатшы, «Титаникке» және Мариан шұңғымасына жасаған экспедицияларымен танымал;
  • Виталий Островский – бизнесмен, инвестор және белсенді зерттеу-саяхатшы.

Дана Қарағұсова ғарышқа ұшу құны қанша болатынын айтудан бас тартты. Бірақ интернеттегі ашық деректерге сүйенсек, әуе кемесінің билеті бірнеше жүз мың долларға дейін жетуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз