
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің әйелі Адель Әділова Астанадан берілген қызметтік пәтеріне рум-тур жасап, видео жариялады.
Депутат тұратын тұрғын үй кешені 2004 жылы салынған. Ал қызметтік пәтерде 2023 жылдан бері тұрады. Терезесі Мәңгілік ел даңғылына қарайды, Мәжіліс ғимараты көрінеді.
Видео қонақ бөлмесінен басталады. Онда диван, ыдыс-аяқ жинайтын үлкен шкаф, тумбалар тұр. Сөрелердің біріне Бақытжан Базарбектің наградалары жиналған. Байқағандай, пәтерді люкс-санаттан деп айтуға келмейді. Тіпті бір тумбаның есігі сынып қалған.
Одан әрі ас бөлмесі мен жатын бөлмесін көрсетеді. Екеуі де қарапайым жиһаздармен жабдықталған.
«Көргендеріңіздей, жиһаздар ескілеу. Біз осы арқылы Қазақстандағы мемлекеттік қызметкердің қалай тұратынын көрсеткіміз келді. Үйдегі жөндеу жұмысына да, жиһаздарға да 20 жыл болған», – дейді депутаттың жұбайы Адель Әділова.
Әділова өзін кәсіпкер, бизнес-коуч ретінде таныстырады. Сюцай әдісі арқылы консультация жүргізіп, адамның «өз табиғатын, нағыз қалауын» табуға көмектеседі.
Осыған дейін Бақытжан Базарбек бірнеше несиесі бар екенін, тіпті әуе билетін бөліп төлеу арқылы алатынын айтқан еді.