
Шымкентте мемлекеттік қызметшіден 10 млн теңге бопсалады деген күдікпен блогер-журналист ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Полиция хабарламасында күдікті қайда жұмыс істейтіні айтылмаған.
«Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында лауазымды тұлғадан ақша бопсалаған блогер-журналисті ұстады» делінген полиция хабарламасында.
Полиция күдікті әкімдік қызметкерінен 10 млн теңге көлемінде ақша талап еткенін жазды. Ол бұл сомаға әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдардың қызметін қаралайтын материалдарды таратпауға уәде берген.
«Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында күдіктінің тұрғылықты жері мен кеңсесінде тінту жүргізіліп, нәтижесінде электрондық құрылғылар мен өзге де заттай айғақтар тәркіленді» деп жазды департамент.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Бұған дейін, Петропавлда «Магнум» сауда желісін бопсалаған блогерлер 7 жылға сотталған.