Жаңалықтар

«6 жасар бала қазылған ордағы суға құлап мерт болды»: іс бойынша үкім шықты

судьи
6 жасар бала қазылған ордағы суға құлап мерт болды / shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Шымкентте көктемде қазылған ордағы суға тұншығып, қайтыс болған баланың ісі бойынша айыпталушы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Істі қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сондай-ақ сот айыпталушыны қара жамылған анаға моральдық шығын ретінде 10 млн теңге өтемақы беруге міндеттеді. Десе де ол сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді.

Шымкенттегі Тұран ықшамауданында суға тұншығып мерт болған 6 жасар баланың ісі бойынша сот үкім шығарды. Іс бойынша жәбірленуші ретінде марқұмның анасы, ал 44 жастағы кәсіпкер, «AS ORDA GROUP» ЖШС-ның директоры айыпталушы ретінде танылған. Оған «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қағидаларды немесе нормативтердің талаптарын бұзу» бабымен айып тағылған.

“Тастанбеков Нұржан Амалбекович Қылмыстық кодекстің 279-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 2 жыл мерзімге құрылысқа байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», деді судья Нұрсұлтан Мыңбатыров.

Сот рақымшылық заңын қолданды. Сөйтіп сотталушының жазасы 1 жыл 6 айға қысқарды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтейтін болды. Үйқамақтағы екі күні жаза мерзімінің бір күніне есептелді және сот залынан қамауға алынды.

Сонымен бірге соталушыны марқұм баланың анасына моралдық шығын ретінде 10 млн теңге, оның қорғаушысының еңбекақысы ретінде 1 млн теңге өтеуге міндеттеді.

«Аталған қылмыстық іс бойынша жәбірленуші тарапынан азаматтық талап-арыз берілген болатын. Аталған талап-арызды сот толығымен қанағаттандырды. Өйткені баланың қазасы анасына орны толмас ауыр қайғы әкелгені даусыз. Бұл жағдай талапкердің психологиялық және эмоционалды жағдайына елеулі әсер етіп, өмірлік құндылықтарына нұқсан келтірген деп тапты. Сот талапкердің баласынан айырылуы өмірдегі ең ауыр сынақ екенін назарға алып талап-арызын толығымен қанағаттандырды»,  деді судья Мыңбатыров.

Сотталушы кінәсін мойындамаған, сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Сот дерегінше, 2024 жылы кәсіпкер Тұран ықшамауданында ағын су өтетін құбыр жүргізу мақсатында траншея қаздырған. Траншея суға толған. Бірақ оны қоршауға алмаған, қауіпсіздік белгілерін орнатпаған. Нәтижесінде абайсызда бала суға құлап мерт болған. Жәбірленуші тарап сотталушыға кешірім бермеген.

«Біз сот заңды әрі әділ үкім шығарды деп есептейміз. Бұл жағдай құрылыс компанияларының басшыларына сабақ болады деп ойлаймыз. Үкіммен келісеміз. Апелляциялық шағым түсірмейміз», деді жәбірленушінің қорғаушысы Шынар Ермекова.

Іс қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық қаралды. Айта кетейік, қайғылы оқиға биыл 12 сәуір күні болған.