Некені тіркеуге eGov.kz арқылы онлайн өтініш беруге болады

Некені тіркеуге eGov.kz арқылы онлайн өтініш беруге болады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, eGov.kz арқылы Қазақстан аумағында да, шетелде де некені тіркеуге өтініш беруге болады.
«Онлайн қызмет уақытыңызды үнемдейді, өтініш беру небәрі бірнеше минутты алады, ал өтініштің мәртебесін жеке кабинетте бақылауға болады», – делінген ақпаратта.
Некені тіркеуге өтініш беру үшін «отбасы» бөліміне кіру қажет. Одан кейін «отбасылық жағдайы» → «неке қиюға өтініш» деп таңдау керек. Ол жерде өтініш беруші туралы ақпаратты толтырып, әрі қарай қол қоюға жіберіледі.
Өтініш берген азамат 15 күннен кейін ХҚКО-ға барып, заңды құжатты алып кете алады. Ал шетелдегі қазақстандықтар сол елдегі елшілікке жүгінуге тиіс.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанда 123,6 мың неке тіркелген.
Ең төмен неке қию көрсеткіші Батыс Қазақстан облысында (БҚО) тіркелген – әр 1000 адамға шаққанда небәрі 5,58 неке.
Ал неке саны бойынша көш бастап тұрған өңірлер:
Астана қаласы – 1000 адамға 7,34 неке,
Алматы облысы – 6,98,
Ұлытау облысы – 6,70.