Жаңалықтар

2026 жылдан бастап Алматыда оқып, Arizona State University дипломын алуға болады

Алматыда халықаралық InnoTech университеті ашылады/фото: kursiv.media архиві

Алматыда Arizona State University-мен бірлескен халықаралық InnoTech университеті ашылады. Университетте инженерия, IT, кәсіпкерлік, жасанды интеллекті салалары оқытылады.

Ғылым және жоғары білім министрі АҚШ-қа сапары кезінде University of Innovation and Technology powered by Arizona State University (InnoTech) университетін елде ашу туралы келісімге қол қойған.

Оқу орнының басты ерекшелігі – екі диплом алу мүмкіндігі. Студент оқуды бітірген кезде қазақстандық үлгідегі және АҚШ-та мойындалған Arizona State University дипломын алып шығады.

Бакалавриат және магистратура бойынша алғашқы білім беру бағдарламасы 2026 жылы іске қосылады. Қазір Алматыда заманауи қалалық кампус дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол оқу, зерттеу және стартап-жобаларға арналған инновациялық кеңістікке айналмақ.

Бұған дейін министр Саясат Нұрбек ЖИ университетін ашу үшін АҚШ пен Үндістанға баратынын айтты.