«Батыр» деудің орнына кінәлі етіп шығарды – Bek Air ұшқышының қызы

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Алина Молдақұл сот үкіміне шағым түсіретінін айтты/фото: shutterstock,бильд-редактор Ахтам Зиперов

Bek Air ұшағы апатына кінәлі деп танылған марқұм ұшқыш Миржан Молдақұловтың отбасы сот үкіміне апелляциялық шағым түсіреді. Бұл туралы марқұмның қызы Алина Молдақұл Kursiv.Media тілшісіне айтты.

Сот үкімі

2025 жылдың қарашасында Марқұм екі ұшқыш Марат Мұратбаев пен Миржан Молдақұлов 12 адам қайтыс болған апатқа кінәлі деп танылды.

Оларға қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген айып тағылған. 

Марқұмның отбасы не дейді?

Алина Молдақұл үкім осылай тез шығады деп ойламағанын айтты. Сөзінше, қорғау тарапы соттың зерттеуіне көп материал ұсынған. Құжаттар ұшқыштардың ұшақты қондыруға тырысқанын көрсетеді.

«Айыптау тарапы ұшқыштар ұшақ қанатына мұз қатуға қарсы сұйықтық сеппеген, ұшақ соның салдарынан құлады дейді. Алайда ұшақ қанатының құрғақ болғанын көрсететін дәлелдер бар. Әкем тергеу барысында ұшақ қанатын өзі тексергенін айтты», – дейді Алина.

Сөзінше, әуежай операторлары тұрақтандырғышқа (стабилизатор) сепкен сұйықтыққа су араластырған. Яғни, дұрыс дайындалмаған. Алайда ешкім бұл мәселені көтермеген.

«Ұшақ көтерілген кезде ол қатып қалған. Мәселе содан туындаған. Бұл жайтты бәрі елемей отыр. Ал бұған әуежай мен оның қызметкерлері жауапты. Ұшқыштар олардың әр әрекетін бақылауға міндетті емес. Олар өз міндетін орындаған», – дейді Молдақұл.

Сол күні басқа ұшақтар ұшақ қанатын өңдемей-ақ дәл сол ұшу-қону жолағы арқылы шығып, рейстер орындаған.

«Соған қарамастан барлық кінәні тек ұшқыштарға артты. Трегедияны осылай жауып қойған жеңілірек болды. Ұшқыштарды «батыр» деп атаудың орнына оларды кінәлі етіп шығарды. Әкеме қара күйе жағылмауы керек еді», – дейді Алина Молдақұл.

Bek Air ұшағы апаты

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыда Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Алматыдан елордаға шыққан ұшақ таңғы 07:22 кезінде бетон қоршауды бұзып, екі қабатты құрылыс нысанына соқтығысқан. Әуе апаты салдарынан 12 адам қаза тауып, 49 адам зардап шекті. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған.

Сондай-ақ оқыңыз