Жаңалықтар

Мөлдір Мұқанова шындығын айтарда Тұрсынбек Қабатовтың алдынан өткенін жеткізді

Мөлдір Мұқанова балаларының білмеуі үшін кейбір сәттерді жасырып қалғанын жасырмады / фото: ашық дереккөзі
Мөлдір Мұқанова балаларының білмеуі үшін кейбір сәттерді бүгіп қалғанын жасырмады / фото: ашық дереккөзі

Мөлдір Мұқанова шындығын айтарда Тұрсынбек Қабатовтың алдынан өткенін жеткізді. Ашық сұхбат бергеніне өкінбейтінін алға тартты.

NTK арнасына берген сұхбатында продюсер тек тағдыры туралы сөз еткенін айтты.

«Мен тек өз басымнан өткен жағдайды ғана айтып өттім. Еркектерге қарсы шықсын, әйелдер мен еркектер екіге бөлінсін деген арам ниетім болған жоқ. Ондай ойдан аулақпын», – деді Мөлдір Мұқанова.

Сонымен қатар Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы әйелі «касса жинау үшін мұндай қадамға барды» деген пікірлерді де жоққа шығарды.

«Мен өмірде хайп, хейт деген нәрселерді жек көремін. Тіпті, ондай нәрселерден шаршағанмын. Отбасылық дүниені «касса жинасын» немесе «халықты бір дүр сілкіндірейік» деген оймен жазса, ол – үлкен қателік. Неге халық олай қабылдап жатқанын білмеймін. Мен ешкіммен жарыспаймын», – деді ол.

Айтуынша, әркімнің өзінің бағына қарай, ниетіне қарай табысы түседі. Қандай касса түссе де, риза болмақ.  

«Депрессия уақытында мені одан әрі өмір сүруге жетелеп кеткен жоба. Осы сәтке сәйкес болып қалды. Сұхбатқа барар алдында Тұрсынбек мырзаға жаздым. Ол кісіден кері жауап болған жоқ. Алдынан өттім десем де болады. Мені талап жатыр. Әрі қарай құпияны сақтап қалу мүмкін болмай қалды», – деп ақталды Мөлдір Мұқанова.

Оның сөзіне қарағанда, «ажыраспаймын» деп серт берген адамның бірі болған. Бірақ басқа түскен соң, тағдырына көндіккен.

«Барлық айтқандарым шынайы болғандықтан, өкінетін тұстарым болған жоқ. Керісінше, айтуым керек еді деген сәттер болды. Кейбір сәттерді балаларымның білмегені де жөн», – деп түсіндірді продюсер.

Мұның алдында PR маманы Дариға Бадықова мен Мөлдір Мұқанованы не байланыстыратынын айтқан еді.