Банктердің бизнеске берген несиесі 15 пайызға артты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Бизснеске берілген кредит көлемі өсті / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қыркүйек айында Қазақстанның банк секторының негізгі көрсеткіштері біршама өсті. Ұлттық банктің деректеріне сай, жалпы активтер 0,6%-ға көбейіп, 67 трлн теңгеге жетті. Кредит және депозитт портфельдер де артты.Halyk Research сарапшылар бизнеске берілген несие биылғы тоғыз айда 15% артып, былтырмен салыстырғанда екі есе жылдам (2024 жылы 7,7%) өсім байқатқанына назар аударады.

Жалпы несие көлемі айлық есепте 1,9%-ға өсіп, 41,6 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде бизнеске берілген қарыздар 2,6%-ға, ал халыққа берілген несиелер 1,3%-ға артқан.

Шетел валютасындағы несиелер теңгедегі қарыздарға қарағанда тезірек өсті. Бұл көрсеткіштер кәсіпорындар мен тұрғындардың несиеге сұранысы сақталып отырғанын көрсетеді.

Пайыздық мөлшерлемелер де сәл өзгерді. Бизнеске берілетін қарыздың орташа пайызы 17,5%-ға дейін төмендесе, жеке тұлғаларға берілетін несие бойынша мөлшерлеме 19,7%-ға дейін көтерілді.

Проблемалық қарыздар үлесі 3,5% деңгейінде сақталды. Ал 30 күннен артық кешіктірілген төлемдер көбейіп, 4,8%-ға жетті. 3 айдан бері төленбеген кредит 1,47 триллион теңгеге дейін өсіп отыр.

Бұл бағытта ең жоғары көрсеткіштер Евразиялық банк, Alatau City Bank, Bereke Bank, Home Credit Bank және Kaspi Bank-та тіркелген. Осы бес банк сектордағы барлық проблемалық несиелердің жартысынан көбін құрайды.

Депозит нарығы да өсім байқалды. Қыркүйекте банктерге салынған жалпы қаражат 1,5%-ға артып, 43,4 триллион теңгеге жетті. Теңгемен салымдар 3,6%-ға өсті, ал шетел валютасындағы салымдар 5,6%-ға азайды. Соның арқасында депозиттердің долларлану деңгейі төмендеп, 20,6%-ға дейін түсті.

Депозит өсімі ең көп байқалған банктер: Altyn Bank, ForteBank, Bank RBK және Citibank. Ал Kaspi Bank пен Банк ЦентрКредитте салымшылар ақшасының бір бөлігі азайды.

Банктердің пайдасы жыл басынан бері өсіп келеді. Тоғыз айда жиынтық таза пайда 2,05 триллион теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 10%-дан астам артқан. Таза пайыздық табыс 27%-ға көбейсе, комиссиялық табыс аздап қысқарған.

Сонымен бірге активтердің бір бөлігі қысқарды. Бағалы қағаздарға салынған инвестициялар азайып, өтімді активтердің үлесі 33%-ға дейін төмендеді. Бұл банктердің бос ақшасын несие беруге көбірек бағыттай бастағанын көрсетеді.

Банк капиталы айлық есепте 0,3%-ға азайып, 9,76 триллион теңге болды. Halyk, Kaspi Bank және Alatau City Bank капиталын азайтқан. Ал табыстылық көрсеткіштері әртүрлі: капиталдың рентабельділігі (ROAE) 30%-ға дейін төмендесе, активтердің рентабельділігі (ROAA) 4,5%-ға дейін өсті.

Сондай-ақ оқыңыз