
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚШ-тың Citibank банкінен 1,6 млрд доллар көлемінде қарыз алады. 10 жылға рәсімделетін қарыз локомотив паркін жаңартуға жұмсалады. Бұл келісім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары аясында жасалған. Жобаны кепілгер ретінде АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі (US EXIM) қолдайды.
Қаражат Wabtec компаниясының локомотивтерін сатып алуға бағытталады. Олар Қазақстанда, Астанадағы «Локомотив құрастыру зауытында» шығарылады. Бұл кәсіпорын – америкалық Wabtec Transportation Engines Holding B.V. компаниясының еншілес құрылымы. Локомотивтерді жеткізу 2038 жылға дейін жалғасады.
ҚТЖ мәліметінше, бұл бағдарлама тартқыш жылжымалы құрамды кезең-кезеңмен жаңарту жүк тасымалының өсіп келе жатқан көлемін қамтамасыз ету және тасымалдың энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қыркүйек айында Қазақстан мен Wabtec шамамен 4,2 млрд долларлық келісімге қол қойған болатын. Соған сәйкес 300 жүк локомотив жеткізіліп, оларға сервистік қызмет көрсетіледі.