«Қазақстан балалары» бағдарламасы бала құқығын қорғау шараларын біріктіреді

Үкіметте 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы талқыланды. Бағдарлама Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау және олардың жағдайын қамтамасыз ету бойынша барлық қолданыстағы және жоспарланатын шараларды біріктіреді. Кеңес премьер-министрдің орынбасары – үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың төрағалығымен өтті.
Бағдарламаны әзірлеу президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің IV Ұлттық құрылтайдың қорытындысында берілген тапсырмасы бойынша жүргізіледі. Құжатты Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, парламент депутаттарымен және азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп дайындады.
Бағдарлама өскелең ұрпақтың мүддесі үшін жүйелі, тұрақты және дәйекті мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін негіз болады.
Жобаны дайындау барысында мемлекеттік органдар балалардың құқығы мен мүддесін қорғау саласындағы қолданыстағы бағдарламалық, нормативтік және стратегиялық құжаттарға талдау жүргізді.
Кеңесте атап өткендей, «Қазақстан балалары» бағдарламасы әрбір бала үшін қауіпсіз және қолайлы жағдай жасауға бағытталған тұрақты мемлекеттік саясаттың негізгі құралы болуға тиіс.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ұсынылған ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, құжатты пысықтау тапсырылды.