Жаңалықтар

Қазақстан кәсіпкерлері АҚШ-та химия кешенін салып, мейрамхана ашпақ

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық кәсіпкерлер АҚШ-та екі жаңа жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. 1Thirty Holding компаниясы құны 130 млн доллар болатын химиялық кешен құрылысын ұсынды. Жоба аясында ұнтақ жабындары мен полиэфирлі шайыр өндіретін заманауи кәсіпорын салынбақ.

Сыртқы істер министрлігінң хабарлауынша, бұл АҚШ-тағы Қазақстанның алғашқы өнеркәсіп-инвестициялық жобасы болады.

Ашық дереккөздерге сәйкес, 1Thirty Holding Қазақстандағы толық циклді AsiaColor бояу зауыты және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі өнеркәсіптік өндіріс жобасы – Qemtex компаниясын басқарады.

Сонымен қатар ABR компаниясы АҚШ аумағында AUYL мейрамханалар желісін ашуды көздеп отыр.

Аталмыш келісімдер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары аясында жасалды Вашингтонда Орталық Азия елдері мен АҚШ компанияларының қатысуымен «C5+1» іскерлік конференциясы өткен. Жалпы алғанда, екі ел арасында шамамен 17 млрд доллар болатын 29 құжатқа қол қойылды.

ABR компаниясы кәсіпкер Асқар Байтасовқа тиесілі. Ол 110 млн доллар байлығымен Қазақстанның ең дәулетті бизнесмендері рейтингінде 67-орында тұр. ABR холдингіне «Дареджани», «Cafeteria», «Del Papa» және басқа да танымал мейрамханалар кіреді.