
Қазақстанда осы жылдағы астық жинау маусымы аяқталды. Жиналған дәнді дақылдар көлемі 27 млн тоннадан асты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті.
Дәнді дақылдар рекордты көлемде жиналды, оның ішінде бидай – 20,3 млн тонна. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,5 млн тоннаға көп, бірақ осы жылы бидайдың егіс алқабы шамамен 900 мың гектарға қысқарған.
Алғаш рет бұршақ дақылдарының өнімі 1 млн тоннаға жетті. Майлы дақылдар бойынша да рекорд тіркелді, көлемі – 4,5 млн тонна. Бірақ кей өңірлерде әлі де егін жиналып жатыр.
Одан бөлек 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
Жиналған астық қайда барады?
Азат Сұлтановтың сөзінше, жиналған астықтың 2,2 млн тоннасы (қыркүйек–қазан айларында) экспортқа шығарылды.
17,4 млн тонна фермерлердің өз қоймаларында сақталады, 700 мың тоннасы өңдеуге жіберілді. Ал 500 мың тоннадан астамы мал азығына бағытталды.
Биыл Қазақстан жаңа экспорттық бағыттарды да игерді. Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия, Вьетнам, БАӘ, Марокко, Алжир, Египет елдеріне алғашқы жеткізілімдер басталды.
Күні кеше ғана Қазақстан 30 жылдан кейін алғаш рет Арменияға бидай жөнелтті.