Қытай Қазақстан жүргізушілеріне шексіз рұқсат бермек

Қазақстан мен Қытай автотасымалдарға рұқсат беру бойынша шектеусіз жүйеге көшуге келісті.
Қазақстан Көлік министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 5-6 қараша күндері «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Көлік министрлігі өкілдерінің халықаралық автомобиль тасымалдары мәселелеріне қатысты кездесуі өткен. Қазақстан делегацияы құрамына ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің, «Қазақстан халық банкі» АҚ, «Ақпараттық-есептік орталық» АҚ және тасымалдаушылар қауымдастығының өкілдері кірді.
Келіссөздердің нәтижесінде тараптар келісімдерге қол жеткізген. Атап айтқанда, 6-12 қараша аралығында Қытай тарапы Қазақстанға 15 мың рұқсат бланкілерін береді. Осылайша жеті күннің қорытындысы бойынша қазақстандық тасымалдаушылардың тәуліктік нақты қажеттілігі айқындалады. Алынған деректердің негізінде болашақта рұқсат бланкілері күн сайын берілетін болады.
«2026 жылдан бастап рұқсат бланкілерін сандық шектеусіз, яғни шексіз түрде беру жүйесіне көшу жоспарлануда. Осылайша қытайға электронды кезек жүйесі арқылы кіретін барлық көлік құралдарына, ҚХР заңнамасын бұрын бұзбаған жағдайда, рұқсаттар автоматты түрде берілетін болады», – делінген ресми хабарламада.
2024 жылы қазақстандық тасымалдаушылар 228 мың рұқсат бланкілерін пайдаланған, ал биыл жыл басынан бері 230 мыңнан астам қытайлық рұқсат бланкілері алынған және пайдаланылған.