Ресей мал етіне бажды азайтуды ұсынды: Қазақстан қарсы

Ресей тарапы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ірі қара мал етінің жекелеген түрлерін импорттау кезінде кедендік баж мөлшерлемесін қолданыстағы 50%-дан 27,5%-ға дейін төмендетуді ұсынды.
Қазақстан тарапы бұл ұсынысты қолдаудан бас тартып отыр. Бұл жөнінде Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің депутаттарға берген жауабында жазылған.
«Ет импортына кедендік баждарды төмендету мәселесіне келсек, бұл бастама бастапқыда тапшылықтың алдын алу, ет өнімдері бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету және ішкі нарықты толықтыру мақсатында қарастырылған болатын Ресей Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік тарифі шеңберінде ірі қара мал етінің жекелеген түрлерін импорттау кезінде кедендік баж мөлшерлемесін қолданыстағы 50%-дан 27,5%-ға дейін төмендетуді, сондай-ақ тарифтік квотаны 570 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін қысқартуды ұсынған. Аталған ұсыныс Еуразиялық экономикалық комиссия отырыстарында бірнеше рет қаралды, алайда Қазақстан тарапы оны қолдамады. Ішкі нарықты қорғауға мүдделі отандық мал өсірушілердің ұстанымын ескере отырып, кедендік баждарды төмендету түріндегі тарифтік жеңілдіктер беру бұл кезеңде орынды емес деп танылды», – дейді Серік Жұманғарин.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары ірі қара мал етін импорттау кезіндегі кедендік баж мөлшерлемесін нөлге дейін төмендету мәселесі қарастырылып жатқанын айтып дабыл қаққан еді. Бұл бастама қазірдің өзінде отандық өндірушілер мен жалпы қоғам арасында кең резонанс туғызған.
Депутат Павел Казанцевтің сөзінше, аталған мәселе бойынша оң шешім қабылданған жағдайда, отандық ауыл шаруашылығына айтарлықтай теріс әсер етуі мүмкін. Бүгінде ет өндіру саласы нарықтағы тұрақсыздық пен экспортқа қойылған шектеулер жағдайында елеулі қиындықтарға тап болып отыр.
Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес, сиыр етін импорттауға 21 мың тонна көлемінде тарифтік квота белгіленген. Алайда депутаттар оның шамамен 40 пайызы игерілмей қалғанын айтады. Бұл ішкі нарықта ет тапшылығының жоқ екенін және шетелдік өнімге деген сұраныстың ең төмен деңгейде екенін көрсетеді.