
Әйгілі «Сақиналар әміршісі» триологиясының спин-оффында кейіпкер Гендальфті қайта көре аламыз. Британдық актер Иэн Маккеллен рөлін қайта сомдайтынын растады деп жазады The Daily Mirror.
«Келесі жылы Орта жерге қайта оралып, Гендальфтың рөлін ойнамақшымын. Тоқтайтын ойым жоқ», – деді ол басылымға берген сұхбатында.
«Сақиналар әміршісі» фильмінің спин-оффы (негізгі жобадан бөлініп шыққан туынды бағыт – ред.) «Сақиналар әміршісі: Голлумға тұзақ» деп аталады. Түсірілім келесі жылдың мамырында Жаңа Зеландияда басталады. Режиссері – Энди Серкис. Фильмге Гендальфтан бөлек хоббит Фродо Бэггинстің рөлін сомдаған актер Элайджа Вуд та оралады.
«Сақиналар әміршісі» (ағылш. The Lord of the Rings) – ағылшын жазушысы Дж. Толкиннің әйгілі фэнтези романы. Туынды әлем әдебиетіндегі ең танымал фэнтези болып саналады.
Ал режиссер Питер Джексон түсірген «Сақиналар әміршісі» трилогиясы – кино тарихындағы ең табысты фэнтези жобалардың бірі. Фильм 30-дан астам номинацияда «Оскарға» ұсынылып, оның 17-сін жеңіп алды. «Патшаның оралуы» атты бөлімі үздік фильм атанды. Трилогия әлемдік прокатта миллиардтаған доллар табыс әкеліп, заманауи кинематографияның эталонына айналды.