Тимур Турловқа тиесілі Freedom Holding пен америкалық Nvidia AI орталығын құрады

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Шығарушы редактор, шеф-редактордың орынбасары
Freedom Holding и Nvidia
Тимур Турловқа тиесілі Freedom Holding пен америкалық Nvidia-мен бірге құны 2 миллиард долларлық AI орталығын құрады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстан мен Nvidia қуаттылығы 100 МВт болатын 2 млрд долларлық жасанды интеллект тәуелсіз орталығын құрады. 7 қарашада АҚШ-та қазақстандық Freedom Holding Corp. америкалық компаниямен тиісті келісімге қол қойылды. Келісімді Тимур Турлов, Nvidia және Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жасасты.

Freedom Holding Corp. негізін қалаушы әрі негізгі акционері Тимур Турлов Орталық Азия аймағындағы инновацияларға берік негіз барын айтты.

«Біз Қазақстанның жасанды интеллекттің әлемдік ландшафтындағы позициясын нығайтуға бағытталған осы революциялық бастаманың бір бөлшегі болғанымызға қуаныштымыз. Біздің тәжірибемізді Nvidia озық технологияларымен және министрліктің стратегиялық қолдауымен біріктіре отырып, жасанды интеллект саласындағы инновациялар үшін берік негіз құруға және бүкіл Орталық Азия өңірі үшін ұзақ мерзімді дамуды қамтамасыз етуге ұмтыламыз», – деді Тимур Турлов.

Фото: Freedom Holding Corp.

Премьер-министрдің орынбасары әрі жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, NVIDIA-мен жұмыс істеу Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы ұлттық стратегиясын іске асырудағы маңызды қадам.

«Біз экономикамызды нығайтатын, бәсекеге қабілеттілікті арттыратын және бүкіл аймақ үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын тәуелсіз AI экожүйесінің негізін қаладық», — деді Мәдиев.

Freedom Holding Corp. ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда экзафлопсты ЖИ-орталығы салынады. Оны Freedom Holding Corp. басқарып, Nvidia инфрақұрылымы негізінде жұмыс жасайды. Freedom Holding Corp. жобаны қаржыландыру және іске асыру бойынша негізгі серіктес болуға ниетті. Министрлік ауқымды жасанды интеллект инфрақұрылымын орналастыру және пайдалану үшін қолайлы жағдай жасауға жәрдемдеседі. Сондай-ақ, инженерлер мен зерттеушілерді даярлау үшін жасанды интеллект академиясы мен зерттеу зертханасын құру сияқты бастамаларды қолдайды.

Айта кетейік, бұған дейін ChatGPT әзірлеушісі – OpenAI, Тимур Турлов жетекшілік ететін Freedom Holding Corp. компаниясы мен Қазақстан үкіметі Вашингтонда стратегиялық келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес, Қазақстандағы 165 мың мұғалім жеке деректердің құпиялығы мен басқару тетіктері күшейтілген арнайы білім беру нұсқасы – ChatGPT Edu платформасына қол жеткізеді.

Freedom Holding Corp. – Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы ірі брокерлік және инвестициялық холдинг. Қазақстанда холдинг Freedom Broker («Фридом Финанс» АҚ, KASE қатысушысы) және Freedom Finance Global (AIX қатысушысы) брендтерімен брокерлік қызметтер ұсынады. Сондай-ақ, елде еншілес құрылымдары жұмыс істейді: Freedom Bank, Freedom Insurance және Freedom Life сақтандыру компаниялары, Freedom Travel авиабилеттерін брондау сервисі және Freedom Ticketon концерт, кино және мәдени іс-шараларға билет сату платформасы.

Nvidia – американдық технологиялық компания. Ол графикалық процессорларды (GPU), чип жүйелерін (SoC) және жасанды интеллект жобаларын, соның ішінде ойынға арналған GeForce желілерін, кәсіби визуализация мен деректер орталықтарына арналған Quadro және A100/H100, автономды автомобильдер мен робототехника платформаларын әзірлеуге маманданған. Nvidia жеделдетілген есептеу, терең оқыту және AI бойынша көшбасшы, нарықтағы құны 4,5 трлн доллардан асады. Және генеративті AI және суперкомпьютерлер сияқты технологияларды дамытуда шешуші рөл атқарады.

Сондай-ақ оқыңыз