2 млн сарбазы бар Қытай ядролық қаруын айтарлықтай күшейтті

Сарбаз саны жөнінен әлемдегі ең ірі армияға ие Қытай ядролық арсеналын да қарқынды дамытып жатыр. Қазақстанға көрші ел жыл сайын 100 оқтұмсық шығарады. Әскери нысандарының аумағы бес жылда 2 млн шаршы метрге ұлғайған. CNN-нің көлемді зерттеуінде осындай мәліметтер бар.
Телеарна ғарыштан түсірілген суреттерге, карталар мен үкімет мәліметтеріне сүйене отырып, 2020 жылдан бері Қытай зымыран өндірісіне қатысты әскери қуатын айтарлық арттырды деген қорытынды шығарды.
Қытайдың ядролық арсеналын бақылайтын зымырын күштері мен зымыран өндірісіне қатысты 136 нысан аумағы кеңейген. Ғарыштан түсірілген суреттерде жаңа мұнаралар мен бункерлер пайда болды. Суреттердің кейбірінен зымыран бөлшектерін де байқауға болады, деп жазды CNN.
«Қытай өзін әлемнің ұлы державасы деп санайды. Біз қарулану жарысының басталғанына куә болып отырмыз. Спринтте озған Қытай марафонға дайындалып жатыр», – дейді НАТО-ның қарулануды бақылау жөніндегі бұрынғы директоры Уильям Альберк.
2012 жылы билікке келген Си Цзиньпин әскери техника сатып алу мен жаңартуға миллиардтаған доллар құйды. Ол Қытай халық азат ету армиясын әлемдік деңгейдегі күшке айналдырды. Қазір осы елдің армиясында 2 миллионнан астам сарбаз бар. Бұл жағынан әлемнің ешбір елі Қытайға теңесе алмайды.
Әлемдегі ядролық оқтұмсықтардың 90%-ы АҚШ пен Ресейге тиесілі. Дегенмен жылда шамамен 100 ядролық қару шығаратын Қытай оларды тез қуып жетуі мүмкін.
Қазақстан мен Қытайдың 1782 шақырымға созылып жатқан ортақ шекарасы бар. Ал Ресеймен арадағы шекара – 7598 шақырым.
КСРО ыдыраған уақытта Қазақстан әлемнің төртінші қуатты ядролық арсеналына ие болды, бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Украина да 1994 жылы ядролық қаруын бейбіт келісімге алмастырды. Сол кезде оның қауіпсіздігіне АҚШ, Ұлыбритания және Ресей кепіл болған.