
Қазақ эстрадасының әншісі Баян Сұлу (Bayansulu) «Интер» футбол клубына алғыс айтты. Италиялық команда «Қайратпен» ойнайтын кезде қазақ тілінде жазба қалдырып, әншінің «Ауа райы» әнін қолданған.
Соның арқасында Баян Сұлудың екі ай бұрын шыққан жаңа әні көпшілікке танылды. Әнші соны шығармасының трендке айналғанына алғыс айтты.
«Интердің» жазбасын көріп, мыналар қателесіп кеткен жоқ па деп ойлаған шығарсыңдар? Басында мен де солай ойлағанмын. Бірақ екі мәрте қателеспейді ғой.
Аллаға сансыз шүкір. Әлемдік деңгейдегі топтың әнімді Instagram-ға салған уақытта, мен қатты қуандым. Шүкір», – деп ағынан жарылды әнші.
Оның пікірінше, миландық клуб Қазақстанда қандай ән тренд болып жатқанын зерттеп, Баян Сұлудың әнін таңдаған.
«Әнімді трендке айналдырғандарыңа рақмет!» – дейді жас әнші.
Естеріңізге сала кетейік, «Қайрат» пен «Интер» матчы қарсаңында италиялық клуб қазақ тілінде жазба жариялаған. Бұған қоса, видеоға қазақ әншісінің әні қоса берілген. Екі ай бұрын жарыққа шыққан осы әнді Youtube-те 16 млн адам тамашалаған.
«Интер» жақсы жарнама жасаған екен, әйтпесе әнді бірінші рет естіп тұрмын», – деп жазып жатыр әлеуметтік желідегілер.
Чемпиондар лигасы аясындағы матчта «Қайрат» сырт алаңда «Интер» қақпасына гол соқты, бірақ 1:2 есебімен жеңіліп қалды.