Жаңалықтар

Тоқаев «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасқанын айтты / фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасқанын айтты / фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президенті Дональд Трампқа алғыс айтты.

Сонымен қатар, президент С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды.

Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы рөліне айрықша тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері деп бағалады.

«Сіз жүргізіп отырған парасатты және батыл саясатты бүкіл әлем қолдауға лайық деп санаймын. Мен де Сіздің ұстанымдарыңызды қуаттаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» (Making America Great Again) деп аталатын көреген тұжырымдамаңызды жоғары бағалаймыз», – деді Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Трампты «бітімгер Президент» деп атады. Сегіз айдың ішінде сегіз соғысты тоқтатқанын атап өтті. Американың халықаралық тұрақтылыққа тірек болған рөлін айтарлықтай күшейте түскенін атады.

Сондай-ақ Тоқаев Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

«Қазақстан мен АҚШ арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды ұдайы қолдап келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Ақ үйде Президент лауазымын атқарған алғашқы кезеңде біздің қарым-қатынасымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде заңнамалық тұрғыдан бекіді. АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвесторымыз, экономикамыздың қозғаушы күші саналады», – деді Қазақстан президенті.

Тоқаевтың сөзіне қарағанда, соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 млрд долларға жуықтаған. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 млрд доллардан асатын келісімдер жасасқанын айтты.

Мұның алдында Тоқаевтың таңғы төртте Трамппен кездесетіні туралы жазған едік.