
Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу мазмұны жаңартылады. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен білімді бағалау саласындағы халықаралық ұйым ETS (Educational Testing Service) стратегиялық әріптестік орнатты.
Енді жаңа формат тек академиялық білімді емес, сонымен қатар тұрмыс пен кәсіби қызметте қажет дағдыларды да бағалайтын болады.
Негізгі өзгерістер:
- ETS тәжірибесіне сүйене отырып, ҰБТ жаһандық стандарттарға сай трансформацияланады;
- Тест сұрақтары тек пәндік білім емес, логикалық ойлау, талдау, коммуникация сияқты қабілеттерді де тексереді;
- Жасанды интеллект пен психометриялық әдістер қолданылады, бұл әділдік пен объективтілікті қамтамасыз етуі керек;
- Икемді тест комбинациялары мен бірыңғай бағалау жүйесі енгізіледі. Өңірге, мектепке, тілге тәуелсіз тең мүмкіндік беріледі;
- Қазақстандық мамандар ETS-тің зерттеу тағылымдамаларына қатысады.
«ETS ұйымының әлемдік тәжірибесін енгізу арқылы біз жастарымызға жаңа мүмкіндіктер ашамыз. Бұл – Қазақстанның білім саласындағы маңызды бетбұрысы», – дейді серіктестік туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Саясат Нұрбек Educational Testing Service (ЕTS) өкілдерімен қыркүйектегі АҚШ-қа сапары кезінде жолыққан еді.
ETS (Educational Testing Service) – АҚШ-та орналасқан, әлемдегі ең ірі және беделді білім беру саласындағы тестілеу орталығы. Ұйым құрастырған тест 180-нен астам елде қолданылып, 9 мыңға жуық оқу орны ETS тест нәтижесін ресми қабылдайды.